Қарағанды облысында заманауи гемодиализ орталықтары ашылып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Абай ауданының Топар кентінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында тәулігіне 15 науқасты қабылдай алатын заманауи гемодиализ орталығы ашылды. 

Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Facebook-тегі парақшасында хабарлады.


Мұндай орталықтар екі жыл бұрын Саран қаласы мен Жаңаарқа ауданында, сонымен қатар, өткен жылы Сәтбаев қаласында ашылған болатын.Сондай-ақ осы сынды орталықтар ертең Осакаров ауданында, ал екі аптадан соң Қарқаралыда ашылады. Аталған жобалар орталық аудандық ауруханалардың базасында іске асырылды. Осылайша, облыс бойынша барлығы 13 гемодиализ орталығы жұмыс істейтін болады, - деді ол.

Қасымбектің айтуынша, осыған дейін бүйрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігі бар емделушілерге ем-шараны өткізу үшін аптасына 2-3 рет облыс орталығына баруға тура келетін. 


Ал қазіргі уақытта облысымыздың созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар барлық науқас үйлеріне жақын жерлерде қажетті емдік шараларды қабылдауда. Жалпы алғанда, биылғы жылдың 9 айында жеке инвесторлар облыстың денсаулық сақтау саласына 2 млрд теңгеге жуық қаржы салды. Осы уақыт ішінде балаларды оңалту орталығы мен 3 емхана ашылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін жеке қаражатқа Теміртау қаласында балаларды оңалту орталығы, Қарағанды мен Балқашта оңалту орталықтары мен клиникалық-диагностикалық зертханалар, ал Жезқазған, Сәтбаев және Шахтинск қалаларында 4 компьютерлік томография кабинеті ашылатын болады, - деді әкім.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы