Газет тарату жүйесін реттеу керек, әйтпесе 2-3 жылда барлық газет жабылады – Бақытжан Әбдіраш
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандағы басылымдар, яғни газет-журнал өте қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. Мемлекет газет тарату жүйесін тезірек реттеуі керек. Шымкенттегі «Рейтинг» газетінің бас редакторы Бақытжан Әбдіраш ҚР Президенті Тоқаевтың бүгінгі Қазақстан халқына жолдауында БАҚ туралы айтқан сөзіне осындай пікір білдірді.
Қазақстандағы басылымдар, яғни бүгінгі газет-журналдар өте қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. Оны мойындау керек. Бұл ақпарат кеңістігінде газетке деген сұраныстың төмендеуі не әлеуметтік желі мен сайттардың алға шығуымен ғана байланысты емес. Газет – өзін-өзі қаржыландыра алатын, яғни тендерсіз күн көре алатын бірден-бір ақпарат құралы. Бірақ оның осы артықшылығын ешкім бағалаған жоқ. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, газеттер айналдырған екі-үш жылдың ішінде толығымен жабылып тынады, – деді Бақытжан Әбдіраш.
Бас редактордың айтуынша, мұның бірнеше себебі бар.
Бірінші себеп: елде көп жылдан бері қалыптасқан газет тарату жүйесі нашарлады. Көптеген ауылда газет тарататын пошташы жоқ. Сондықтан тұрғындар газетке жазылған күнде де сүйікті басылымын ала алмайды. Пошташының жалақысы қанша екенін сұрамай-ақ қойсаңыз болады. Сондықтан мемлекет ерте бастан газет тарату ісін еркін бәсекелестікке бермей, толығымен монополия жасап, бұл міндетті тек “Қазпоштаға” жүктеуі тиіс еді. Соның өзінде бұл қып-қызыл шығын. Мемлекет ақшаны ақпарат құралдарына тендер арқылы жүйелі-жүйесіз тарата бергенше, “Қазпочтаның” осы шығындарын жауып беріп отыруы тиіс еді. Амал қанша, бұл жағын уақытында ойланған ешкім болған жоқ. Екіншіден, соңғы жылдары газеттердің өзіндік шығындары көбейді. Осы себепті газетке жазылу қымбат. Сондықтан мемлекет редакциялардың баспа шығындарын субсидиялап отыруы тиіс еді. Сонда ақпарат саласын қолдауға бөлінетін ақшалар әділетті болар еді, – деді Бақытжан Әбдіраш.
Айта кетелік, «Рейтинг» газеті 2017 жылғы «Үркер» Ұлттық сыйлығының «Үздік аймақтық баспасөз басылымы» номинациясы бойынша жеңімпазы атанған.