Газды тегін тұтыну бойынша заңға өзгертулер енгізіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінгі таңда Қазақстанда шикізат ретінде газды пайдалана отырып, мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру бойынша бірқатар жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Алайда бұдан бұрын осы жобаларды газбен қамтамасыз ету тетігі орнатылмаған, деп хабарлайды ҚР ЭМ баспасөз қызметі.
Министрлік мұнай-газ саласының шикізаттық бағыттарынан қосылған құны жоғары өнім шығаратын мұнай-газ-химия өндірістерін құруға көшу жөнінде тұрақты негізде жүйелі жұмыс жүргізуде.
Табиғи газ - газ-химиясы үшін құнды шикізат. Газдың барлық бағалы компоненттерін алу дәрежесін арттыру және тиімді пайдалану жаңа химиялық материалдардың тұтас кластарына жаңа серпін береді.
Газ-химиясы өнімі өте бағалы экспорттық өнім болып табылатындығын атап өту қажет, оны сату газды сатуға қарағанда әлдеқайда тиімді. Газды өңдеудің төрт-бес сатысынан кейін (мысалы, газ→этан→этилен→полиэтилен→полиэтилен бұйымдары) соңғы өнімнің құны шамамен 5-6 есе өседі.
Негізгі мәселелердің бірі - шикізатпен қамтамасыз ету.
Бұл мәселені шешу мақсатында "Газ және газбен жабдықтау туралы" Заңға түзетулер енгізілген болатын ("Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану, газ және газбен жабдықтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 30 желтоқсандағы №297-VI ҚР Заңы).
Заңды іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 165 бұйрығымен Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастыру қағидалары бекітілген.
Қағидаларда мемлекет тұрғысынан инвестициялық жобалардың тиімділігін бағалау тетігі көзделген.
Тетікке сәйкес жобалар макроэкономикалық, әлеуметтік, экологиялық және техникалық көрсеткіштер базасында олардың артықшылықтарын сипаттайтын өлшемдер негізінде балдық жүйе бойынша бағаланатын болады.
Қосылған құны жоғары базалық газ-химия өнімдерін өндіру мұнай-газ саласындағы терең өңдеуді дамыту үшін берік негіз бола отырып, біздің технологиялық даму стратегиямызға сәйкес келетін болады.