Газдандыру жұмыстары жоспарлы жүргізілуде – басқарма басшысы

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 1061 шақырымды құрайтын «Сарыарқа» магистралды газ құбырының 765 шақырымы Қарағанды облысының аумағынан өтеді. Ауқымды жоба аясында Қарағанды облысында 120 елдімекен мен аймақтың ең ірі үш қаласы – Қарағанды, Жезқазған және Теміртау сұйық отынмен қамтылатын болады. Газдандыру жобасының жұмысы қалай жүріп жатқандығы жайлы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов сұқбат барысында айтып берді.

 

Ұлантай Төлетайұлы, Қарағанды, Жезқазған мен Теміртауды газға қосу жоспарының орындалу барысы жайлы айтсаңыз.

Аймақтың энергетикалық қауіпсіздігі деңгейін арттырып, экологиялық ахуалды жарқсартуы тиіс «Сарыарқа» газ құбырының сексен пайызы Қарағанды облысының аумағынан өтеді. Жоба аясында өңірдің ірі қалаларына, жүзден аса елді мекендеріне көгілдір отын жетіп, сондай-ақ, өндіріс орындары да табиғи газға қосыла алады. Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларын газбен қамту барысында шамамен 1500 шақырымнан астам газ құбыры салынатын болады. Қарағандыда 16 іске қосу кешені, Теміртауда 8, ал Жезқазғанда 7 кешен салу жоспарланған. Бүгінгі таңда Теміртау және Жезқазған қалаларында алғашқы іске қосу кешендерінің құрылысы аяқталды. Қарағанды қаласында бірінші іске қосу кешенінің жұмысы жалғасуда.

Қарағанды қаласын көгілдір отынмен қамту жұмыстарына қанша қаржы қарастырылған?

Жоғарыда айтып өткенімдей, Қарағанды қаласын газдандыру жобасында 16 іске қосу кешенін салу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарының жалпы соммасы 63 миллиард теңгені құрайды. Жоспар бойынша 29 528 үйге газ тартылады. Бұл дегеніңіз, 87 мыңнан астам тұтынушы табиғи газды пайдалана алады деген сөз. Газды пайдаланудың көлемі жылына 546,4 млн текше метрді құрайды. Жоба 2020-2035 жылдары жүзеге асырылады деп күтілуде. 2021 жылға 3,3 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 1 млрд теңге бірінші іске қосу кешенінің жұмысын аяқтауға, 2,3 млрд тенге екінші іске қосу кешенінің құрылысын бастауға арналады. Бірінші іске қосу кешенінің құрылысына 5,1 млрд тенге жұмсалады. 1865 тұрғын үйге, яғни 4515 тұтынушыға газ жеткізу жоспарлануда. Жыл сайынғы газ тұтыну көлемі 22,6 млн текше метрді құрайды. Екінші іске қосу кешенінің құрылысына 3,7 млрд тенге қарастырылған. Құрылыс жұмыстары аяқталғанда 2377 үйге газ жетіп, 7131 адам газ тұтынушы болады. Тұтыну көлемі жылына 40,3 млн текше метр. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер аяқталған, «Алия Сервис» ЖШС-мен келісімшарт жасалды.

Теміртау қаласын газдандыру жұмысы қазіргі уақытта қандай кезеңде?

Теміртау қаласын газдандыру 8 іске қосу кешенін салумен жоспарланады. Құрылыс жұмыстарына 10,7 млрд теңге жұмсалады деп күтілуде. Жоспар бойынша 4498 тұрғын үйді орталықтандырылған газбен қамту жоспарлануда. Жоба 2020-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Жыл сайынғы газ тұтыну көлемі 62,2 млн текше метр. Бірінші іске қосу кешенінің құрылысына 1,6 млрд теңге жұмсалды. Қазіргі уақытта кешеннің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Кешен пайдаланылуға берілгенде 506 үйге, яғни 1012 тұтынушыға сұйық отын жетеді. Жыл сайынғы газ тұтыну көлемі 3,9 млн текше метр.Сондай-ақ, биылғы жылы екінші іске қосу кешенінің құрылысы басталады. Кешенінің құрылысына жұмсалатын қаржы 1,2 млрд тенгені құрайды. 1220 үй газдандырылып, 2440 тұтынушы көгілдір отынды пайдаланатын болады. Газ пайдалану көлемі жылына 8,5 млн текше метр. Қазіргі уақытта Теміртауда жоғары қысымды газ құбырын монтаждау, орташа және төмен қысымды орамішілік газ құбырын монтаждау жұмыстары жүз пайызға аяқталған.

Табиғи сұйық отынмен қамтылатын Жезқазған қаласының газдандыру жұмыстарына тоқталсаңыз.

 Жезқазған қаласын газдандыру жобасы 7 іске қосу кешенін пайдалануға берумен жүзеге асатын болады. Жобаның жалпы құны 14,3 млрд тенге. Жүзеге асырылу кезеңі 2020-2026 аралығында. Жоба аяқталғанда 4562 үйге табиғи газ жетіп, 14831 тұрғын газдандырылады. Жезқазған қаласының жыл сайынғы газ тұтыну көлемі 141,7 млн текше метрді құрайтын болады. Бүгінгі таңда қаланы газбен қамтитын бірінші іске қосу кешенінің құрылысы толық көлемде аяқталды, құрылыс жұмыстарына 3,2 млрд тенге жұмсалды. Ал екінші іске қосу кешенінің құрылысына 1,2 млрд.тенге қарастырылған. Екі іске қосу кешені пайдаланылуға берілгенде 825 тұрғын үй іске қосылатын болады. Жыл сайынғы газ тұтыну көлемі 7,5 млн текше метрді құрайды.

Теміртау мен Жезқазған тұрғындарына газ қашан беріле бастайды, газ тарифі қанша теңге болады?

Қазіргі уақытта Теміртау мен Жезқазған қалаларында желілерді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на сенімгерлік басқаруға беру рәсімі жүргізіліп жатыр. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының соңында газ тарифы бекиді. Осыдан кейін екі қалаға газ беру басталады деп күтілуде. Тұрғындар үшін газ тарифы 1 текше метріне 56 теңге болмақ.

Сұқбатыңызға рақмет.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы