Газбен жүретін көліктерге арнайы белгі қою міндеттеледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер газ қондырғысы бар автомобильдерге арналған арнайы белгінің жобасын ұсынды.
Бұл белгілер әлі ресми түрде бекітілген жоқ дейді. Егер мақұлданса, олар автомобильдердің маңдайалды әйнегіне жабыстырылады.
Бұл эскиздер – бұл жоба белгілері. Біз оларды енгіземіз деп жоспарлап отырмыз. Әзірге белгілер мақұлданған жоқ. Бұл – біздің ұсынысымыз, - деп мәлімдеді Владимир Беккер ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде.
Бұдан басқа, ол сауда орталықтары мен тұрғын үйлердің жабық тұрақтарына кірер алдында, егер мақұлданса, қойылатын белгілердің эскизін көрсетті.
Беккер аталмыш белгілерді 2020 жылдың бірінші жартысында бекіту жоспарланып отырғанын айтты. Айта кетейік, 2019 жылдың 29 желтоқсанынан бастап газбен жабдықталған көлік құралдарына өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында жабық тұраққа кіруге тыйым салынды. Егер автомобильде газбаллонды жабдықпен жарақталған қондырғы дұрыс орнатылмаған болса, кішкентай ұшқын жарылыс үшін жеткілікті. Бұл тұрақтағы көрші көліктерге ғана емес, сонымен қатар жақын адамдарға зиян тигізуі мүмкін.