Газаға қатысты бейбіт келісімге ХАМАС-тың қатысуынсыз қол қойылады

13 қазан күні Қызыл теңіз жағалауындағы Шарм-эш-Шейх курортты қаласында Газа секторындағы соғысты тоқтату туралы келісімге қол қою жоспарланып отыр. Бұл рәсімге ХАМАС өкілдері қатыспайды, оларды делдал елдер өкілдері алмастырады, деп хабарлайды BAQ.KZ DW агенттігіне сілтеме жасап.

Лаңкестік ұйым ретінде танылған ХАМАС өкілдері dpa агенттігіне 11 қазан, сенбі күні кешке берген мәлімдемесінде келісімге қол қою рәсіміне қатыспайтындарын нақты айтты.

ХАМАС қол қою рәсіміне қатыспайды. Шараға тек делдал елдердің, сондай-ақ АҚШ пен Израильдің ресми тұлғалары қатысады, – деді олар.

АҚШ пен Мысырдан бөлек, Катар да тараптар арасындағы делдалдыққа қатысқан. Айта кету керек, Израиль мен ХАМАС арасында тікелей келіссөздер жүргізілмеген.

Еске сала кетейік, 11 қазан, сенбі күні Мысырдың Сыртқы істер министрлігі 13 қазанда Қызыл теңіз жағасындағы Шарм-эш-Шейх қаласында халықаралық бейбіт саммит өткізетінін жариялаған. Бұл кездесуде «Газа секторындағы соғысты тоқтату туралы келісімге» қол қойылады деп күтілуде. Дәл осы қалада өткен аптада Израиль мен ХАМАС арасында алдын ала уағдаластыққа қол қойылған болатын.

Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату режимі 10 қазан күні түсте күшіне енді. Трамптың бастамасымен дайындалған және екі тарап қолдаған жоспардың алғашқы кезеңінде ХАМАС ұстап отырған барлық израильдік тұтқындарды босатып, соған жауап ретінде Израиль де палестиналық тұтқындарды босатуға келісім берген.

Келісімге сәйкес, тірі қалған 48 тұтқынның барлығын босатқаннан кейін, Израиль 250-ге жуық өмір бойына сотталған палестиналықты және 2023 жылдың 7 қазанынан бері тұтқындалған шамамен 1700 адамды босатпақ. Сонымен қатар, Израиль армиясы (ЦАХАЛ) Газада келісілген шепке дейін шегініп, аймаққа гуманитарлық көмек жеткізу жоспарланған.

Бұған дейін Трамп тұтқындарды босату рәсімі 13 қазанда өтетінін мәлімдеген. Ол шараға өзі де қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы