Газаға гуманитарлық көмек жеткізетін көліктердің тек 24%-ы ғана кірген

10 қазанда күшіне енген бітімнен бері Газа секторына барлығы 3 203 жүк көлігі гуманитарлық көмекпен кірген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Газа үкіметінің баспасөз қызметі 10–31 қазан аралығындағы көмек көліктерінің нақты саны туралы деректерді жариялады. Бұл мәліметтер Газа секторындағы гуманитарлық жағдайды қоғамға жеткізіп, бітім шарттарының орындалуын бақылауға бағытталған.

Аталған кезеңде Газаға 3 203 жүк көлігі кірген: олардың 639-ы коммерциялық, ал 2 564-і гуманитарлық көмек жеткізген. Сонымен қатар 84 көлік отын, ал 31 көлік сұйытылған мұнай газын (пропан) тасымалдаған.

Бітімге сәйкес, тәулігіне 600 жүк көлігі кіруі тиіс болған, алайда іс жүзінде бұл көрсеткіш 145 көлікпен шектелген. Бұл — келісілген көлемнің небәрі 24%-ы ғана.

10–31 қазан аралығында 1 100 отын мен сұйытылған газ тасымалдаушы көлік өтуі керек еді, бірақ 115-і ғана кірген.

Осы деректерге сүйене отырып, Газа билігі ауруханалар, наубайханалар және өзге де маңызды нысандардың жұмысы үшін қажет энергия көздерінің әдейі шектеліп отырғанын мәлімдеді.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп бітімге кепіл болған елдер мен делдалдарға Израильдің гуманитарлық көмек жеткізуге қатысты міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуді сұрап, үндеу жолдаған болатын.

Еске салайық, Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөздер 9 қазанда Мысырда өткен, нәтижесінде бітімге қол қойылып, ол 10 қазанда Израиль үкіметінің мақұлдауымен күшіне енді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы