Газадағы үйінділер астынан 280 палестиндіктің денесі табылды

Газа секторының азаматтық қорғаныс басқармасының өкілі Махмуд Басалдың мәлімдеуінше, өте ауыр жағдайларға қарамастан, құтқарушылар осы уақытқа дейін 280 адамның денесін үйінділер астынан шығара алған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Anadolu таратқан мәліметке сүйенсек, атысты тоқтату режимі күшіне енген сәттен бастап құтқару топтары үздіксіз жұмыс істеп келеді. Алайда үйінділер астында әлі де шамамен 10 мың адамның денесі жатыр. Махмуд Басал халықаралық қауымдастық пен гуманитарлық ұйымдар бұл бағытта нақты әрекет жасамағанын айтты.

Азаматтық қорғаныс жасақтары тәулік бойы аса күрделі жағдайда жұмыс істеп жатыр. Бізге өз міндетімізді орындау үшін заманауи құрал-жабдықтар ауадай қажет, – деді Басал.

Оның айтуынша, ведомство халықаралық ұйымдарға құтқару жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жабдықтар мен техниканың толық тізімін жіберген. «Азаматтық қорғаныс бөлімшелерінің жұмысын қамтамасыз ету үшін халықаралық деңгейде шұғыл саяси шешім қажет», – деп атап өтті ол.

Махмуд Басал сондай-ақ халықаралық ұйымдардың екіжүзді ұстанымын сынға алды.

Әлемдік қауымдастық израильдік тұтқындардың денесін іздеуге ерекше көңіл бөледі, ал үйінді астында қалған мыңдаған палестиндіктердің тағдырына бейжай қарайды. Қызыл Кресттің араласуын күтіп, 10 мыңға жуық палестиндіктің денесі екі жылдан бері үйінді астында жатыр, – деді ол.

 

Газа секторындағы атысты тоқтату және тұтқындар алмасу туралы келісім

Бұған дейін, 9 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату жоспарының алғашқы кезеңі Египетте өткен келіссөздер барысында мақұлданғанын мәлімдеген. 

Египетте қол қойылған бұл келісім 10 қазанда Израиль үкіметінің мақұлдауымен күшіне енді.

Екі жылға созылған Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан 67 967 палестиндік қаза тауып, тағы 170 179 адам жараланған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы