Газадағы ауруханаға жасалған әуе шабуылы: бес журналист қаза тапты
Израильдің Газа секторындағы ауруханаға жасаған әуе шабуылынан қаза тапқан журналистер саны бесеуге жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ Al Jazeera арнасына сілтеме жасап.
Жалпы шабуыл салдарынан мерт болғандар саны 20 адамға дейін өскен.
Палестина журналистер синдикаты БҰҰ мен Халықаралық журналистер федерациясын Газа секторында журналистердің өліміне жол бермеу үшін нақты шаралар қабылдауға шақырды.
Күннің алғашқы жартысында төрт журналистің қаза тапқаны хабарланған болатын. Олардың арасында:
- Хоссам әл-Масри (Reuters фотожурналисі),
- Мұхаммед Салама (Al Jazeera фототілшісі),
- Мариам Абу Дака (The Independent Arabic және Associated Press тілшісі),
- Моаз Абу Таха (NBC журналисі).
Кейінірек тағы бір журналистің көз жұмғаны белгілі болды.
Ал Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху 25 тамызда Газа секторының оңтүстігінде орын алған әуе шабуылына байланысты пікір білдірді.
Израиль бүгін Газадағы Насер ауруханасында болған қайғылы оқиғаға қатты өкінеді, – деп жазды Нетаньяху өзінің X желісіндегі парақшасында.
Сондай-ақ ол Израильдің журналистердің, медициналық қызметкерлердің және барлық бейбіт тұрғындардың еңбегін бағалайтынын атап өтті.