Газада қаза тапқандар саны 72 мың адамнан асты
Израиль армиясының Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны тағы 5 адамға артып, 72 032-ге жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Anadolu-ға сілтеме жасап.
10 қазанда күшіне енген бітімге қарамастан, Израиль әскері бұл аймаққа соққы жасауды жалғастырып отыр.
Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, соңғы 24 сағат ішінде Израиль армиясының шабуылдары салдарынан 5 палестиналық қаза тауып, тағы 10 адам жараланған.
2023 жылдың қазан айынан бері Израиль армиясының шабуылдары нәтижесінде қаза тапқандар саны 72 032-ге, ал жараланғандар саны 171 661 адамға жеткен.
Денсаулық сақтау және азаматтық қорғаныс қызметтері жете алмай отырған аудандарда қираған ғимараттардың астында көптеген адамның денесі әлі де қалып қойған.
10 қазанда Газа секторында бітім күшіне енгеннен бері Израиль шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны 581 адамға жетті, ал 1553 палестиналық жараланған. Үйінді астынан 717 палестиналықтың мәйіті шығарылған.