Газа секторындағы босқындар лагерін су басты

Газа секторында нөсер жаңбыр мен қатты желден Израиль шабуылдары салдарынан баспанасыз қалған палестиналықтар паналап отырған шатырлар су астында қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu Ajansı агенттігіне сілтеме.

Басылымның жазуынша, сектордың ойпаң аумақтарында қоныс аударған бейбіт тұрғындарға уақытша пана болып тұрған кейбір палаткалар толығымен суға кеткен. Бұған жауын-шашынның шамадан тыс көп түсуі себеп болған.

Метеоролог Лейс әл-Аллами «Анадолу» агенттігіне берген сұхбатында эксклав аумағына жаңа төмен қысымды циклон әсер етіп жатқанын, оның нөсер жаңбыр мен күшті жел екпінімен қатар жүргенін айтты.

Оның сөзінше, бұл төтенше ауа райы жағдайлары онсыз да ауыр халде отырған палестиналықтардың жағдайын одан әрі ушықтырып отыр. Себебі олар тұрмыстық ең қарапайым жағдайлардан жұрдай, өте әлсіз палаткалар мен уақытша баспаналарда өмір сүруге мәжбүр.

Сонымен қатар бірнеше айға созылған израильдік шабуылдар кезінде зақымданған көптеген тұрғын үйлер қатты жаңбыр мен желдің салдарынан құлап қалған. Балама баспана жоқ, ал Израиль уақытша паналар мен құрылыс, қалпына келтіру материалдарының әкелінуіне тосқауыл қойып отырғандықтан, палестиналықтар толықтай қирау қаупі жоғары зақымданған үйлерде тұруды жалғастыруға мәжбүр, — делінген хабарламада.

Газа билігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, шамамен 1,5 миллион қоныс аударған палестиналықтың басым бөлігі ешқандай базалық қорғанысы жоқ палаткалар мен уақытша паналарда тұрып жатыр. Солардың 250 мыңнан астамы қолайсыз ауа райының салдарын тікелей сезінген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы