Газа секторында суықтан 10 сәби шетінеп кетті
Қыс маусымы басталғалы бері Израиль жанармай мен гуманитарлық көмектің жеткізілуіне кедергі келтіріп отырған Газа секторында суықтан 10 бала көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Палестина эксклавының Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Үш айлық Әли Абу Зур қатты суықтан “Аль-Акса шейіттері” ауруханасында шетінеп кетті, – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, қыстың басынан бері Газада суықтан қорғануға мүмкіндік болмағандықтан қаза болған балалар саны 10-ға жеткен.
Суық ауа райы Газа секторында палестиналықтардың өмірін жалмауда
Бітім туралы келісім жасалғанына қарамастан Израиль Газа секторына гуманитарлық көмектің келуін шектеп отыр. Осыған байланысты өңірдегі жүздеген мың тұрғын қолдан жасалған шатырларда жан сақтауға мәжбүр.
Аймаққа жауған нөсер жауын мен соққан дауыл шатырларды өмір сүруге жарамсыз күйге түсірген. Әсіресе суық ауа райы кішкентай балаларға ауыр тиюде.
10 қазан күні атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгенімен, Газадағы гуманитарлық ахуал айтарлықтай жақсарған жоқ.
Келісімде қарастырылған міндеттемелердің Израиль тарапынан орындалмауы, сондай-ақ азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық материалдар, жанармай мен тұрғын үйге қажет жабдықтарды кіргізуге қойылған шектеулер дағдарыстың қайтымсыз сипат алуына алып келіп отыр.