Газа секторында қаза тапқандар саны 63 мыңнан асты
2023 жылдың 7 қазанынан бастап Израиль әскерінің Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны 63 633 адамға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Anadolu агенттігі таратқан дерекке сәйкес, тек соңғы тәуліктің өзінде әуе соққыларынан 76 палестиналық қаза тауып, 280-нен астамы жарақат алған. Бұл туралы Газа секторындағы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ведомство дерегінше, бір тәулікте аймақтағы ауруханаларға 76 адамның мәйіті мен 281 жаралы жеткізілген. Сондай-ақ 18 наурыздан бастап, яғни Израиль 19 қаңтарда жасалған бітім келісімін бұзғаннан бері, Газада 11 502 палестиналық қаза тауып, 48 900 адам жараланған.
Министрліктің мәліметінше, израильдік әскерилер гуманитарлық көмек күтіп тұрған бейбіт тұрғындарға бағытталған әуе шабуылдарын жалғастыруда. Соңғы тәулікте осындай оқиғалардан 12 адам көз жұмып, тағы 90-ы жарақат алған. Ал 27 мамырдан бері Израиль мен АҚШ ұйымдастырған көмекті тарату пункттерінде жүйелі түрде жасалған шабуылдар салдарынан 2 306 адам қаза тауып, 16 929 адам жараланған.
Жалпы, соғыс басталғалы бері Газада жараланғандар саны 160 914-ке жетті.
Сонымен қатар аймақтағы гуманитарлық жағдайдың аса ауыр екені аталып өтті. Израиль шекара өткелдерін жауып, көмек жеткізуді шектегендіктен, Газа секторында аштық белең алды. Тек соңғы тәулікте аштықтан 13 палестиналық, оның ішінде үш бала көз жұмды. Жалпы, соғыс басталғаннан бері аштықтан 361 адам қайтыс болды, олардың 130-ы – балалар.