Газа секторында қаза болғандар саны 67 мыңнан асты
2023 жылғы 7 қазаннан бері Израиль армиясының қоршаудағы Газа секторына жасаған соққылары салдарынан 67 139 палестиналық қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тек соңғы тәулікте 65 адам көз жұмып, тағы 153 адам жараланған.
18 наурызда Израиль әскері 19 қаңтарда ХАМАС-пен жасалған атысты тоқтату келісімін бұзған болатын. Сол кезден бері 13 549 палестиналық қаза тауып, 57 542 адам жарақат алған.
27 мамырдан бері АҚШ-пен бірлесіп құрылған гуманитарлық көмек тарату пункттерінің маңындағы шабуылдарда 2 605 адам қаза тапқан, 19 124 адам жараланған.
Жалпы алғанда, 7 қазаннан бері жараланғандар саны 169 583 адамға жетті. Мыңдаған адамның денесі әлі де қирандылар астында қалып отыр.
Израиль тарапы соққылардың азайғанын мәлімдегенімен, 4 қазанда Газа секторында 70 адам қаза тапты, деп хабарлады ХАМАС қозғалысы.
Ұйымның мәлімдемесінде Израильдің «қарусыз бейбіт тұрғындарға қарсы қырғындарын жалғастырып жатқаны» айтылған.
«4 қазан күні болған соққылардан әйелдер мен балалар да қаза тапты. Бұл Нетаньяху үкіметінің азаматтық халыққа қарсы шабуылдарды азайтады деген мәлімдемелерін жоққа шығарады, — делінген ресми хабарламада.
Газа үкіметінің баспасөз қызметі Израиль әскері тек бір күнде 93 әуе соққысын жасағанын айтты. Салдарынан 70 адам мерт болып, оның 47-сі Газа қаласында қаза тапқан.
3 қазанда ХАМАС Дональд Трамптың Газа жөніндегі жоспары аясында тұтқын алмасуға келісім беретінін, бірақ кейбір тармақтар бойынша келіссөздер жалғасатынын хабарлаған болатын. Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп ХАМАС-тың түсіндірмелеріне сүйене отырып, олардың «тұрақты бейбітшілікке дайын» екенін айтты.
Израиль Газаға жасалып жатқан бомбалауды дереу тоқтатуы тиіс. Бұл – тұтқындарды қауіпсіз босатып, бейбіт келісімді жылдам жүзеге асырудың жалғыз жолы, — деді Ақ үй басшысы.
4 қазанда Трамп өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында пікір білдірді.
Израильдің тұтқындарды босату және бейбіт келісімге қол жеткізу мақсатында шабуылдарды уақытша тоқтату шешімін жоғары бағалаймын, — деп жазды.