Газа секторында атыс: Нетаньяху жаңа талап қойды

Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторында атысты тоқтату келіссөздері барлық қалған тұтқындарды бір мезетте босатуға бағытталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Associated press басылымына сілтеме жасап.

Нетаньяхудың айтуынша, кезең-кезеңімен босату туралы келісім жасау мүмкіндігі жойылған. Бұл туралы ол i24 News арнасына берген сұхбатында айтты.

Өткен аптада араб шенеуніктері Мысыр мен Катар барлық қалған тұтқындарды бірден босатуды, орнына тұрақты атысты тоқтату мен израильдік әскердің шығарылуын қамтитын жаңа келісім негізін дайындап жатқанын хабарлаған.

Ұзаққа созылған жанама келіссөздер өткен айда тоқырағанымен, ХАМАС делегациясы сейсенбі күні Каирге келіп, атысты тоқтату бойынша келіссөздерге қатысты. Бұл ақпаратты Мысырдың Qahera мемлекеттік арнасы растады.

Израиль Газа секторында әлі бақылауға алынбаған аймақтарда әскери операцияны кеңейту жоспарын жариялады. Бұл өңірлерде 2 млн-ға жуық адам бас сауғалап жүр. Жоспар халықаралық сынға және Израиль ішіндегі қарсылыққа себеп болды. Сарапшылар мұны ХАМАС-қа қысымды арттыру әрекеті деп бағалайды.

Ресми мәліметке сәйкес, ХАМАС 2023 жылғы 7 қазандағы шабуыл кезінде ұсталған 50 тұтқынды әлі де ұстап отыр, олардың шамамен 20-сы тірі болуы мүмкін.

Мен олардың бәрін қайтарғым келеді. Барлық тұтқынды — тірі де, марқұм болғандарын да — қайтару кезеңіне жеттік, - деді Нетаньяху. 

Премьер-министр соғыс тек барлық тұтқын босатылып, ХАМАС берілгеннен кейін ғана аяқталатынын, одан кейін де Израиль Газа үстінен қауіпсіздік бақылауын сақтайтынын айтты.

ХАМАС тұтқындарды босатуды тек палестиналықтарды түрмеден шығару, ұзақ мерзімді атысты тоқтату және Израильдің Газадан толық шығу шарттарымен байланыстырады. Ұйым қару тастау талабын қабылдамаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы