Газ тапшылығы жұмыс қарқынын тежеп отыр – Қостанай облысының әкімі
Қостанай облысында газдандыру жобаларын іске асыру жалғасып жатыр, алайда инфрақұрылымды кеңейту газ көлемінің шектеулілігіне байланысты тежеліп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңір басшысының сөзінше, бүгінде негізгі мәселе – облысты қажетті көлемдегі газбен қамтамасыз ету. Газ қоры жеткіліксіз болған жағдайда жаңа елді мекендерді жаппай қосу мүмкін емес.
Қазіргі таңда бізде газ көлемінің тапшылығы мәселесі бар. Осыған байланысты ірі газ құбырын салуға арналған техникалық шарттар әзірленіп, технико-экономикалық негіздеме дайындау жұмыстары басталды, – деді Құмар Ақсақалов.
Әкім газдандыру бұрын жоспарланған аумақтарда жалғасып жатқанын атап өтті. Биыл Әулиекөл ауданы толық газбен қамтылып, одан кейін өңірдегі ірі елді мекендердің бірі – Құшмұрын ауылында жұмыстар басталған. Нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын, ал жобалардың жалпы құны шамамен – 9 млрд теңге. Газ құбырларын салуға тиісті өтінім берілген, жұмыстар орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілуде.
Сонымен қатар өңірдің нақты газға деген сұранысын анықтау жұмыстары да қатар атқарылып жатыр.
Біз үшін ең бастысы – қажетті газ көлеміне деген нақты сұранысты растау. Бұл мәселе шешілмейінше газдандыруды одан әрі дамыту мүмкін емес. Дегенмен, бұрын бөлінген газ көлемі жобаларды кезең-кезеңімен іске асыруға және өңірде газдандыру қарқынын сақтауға мүмкіндік беріп отыр, – деді облыс әкімі.