Елорда әкімдігінде қалаға газ беру барысы талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан әкімдігінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ұйымының өкілдерімен газ беру және үйлерді газға қосу үшін техникалық шарттар беру барысы талқыланды.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов ішкі желілерді жүргізу және үйлерге газ беру мәселесін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Жақын арада ішкі желілерге газ беруді іске қосамыз. Оған дейін газбен жабдықтау желілерінің қауіпсіз және үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, желілердің сапалы өткізілуіне бақылауды күшейту қажет. Железнодорожный тұрғын алабында газбен жабдықтауды тарату желілері 100% салынды. Промышленный, Көктал-1, Көктал-2 тұрғын алаптарында жұмыс аяқталуы жақын. Бұл жұмыстар Агрогородок пен Оңтүстік-Шығыста жүргізілуде. Үйлерді газға қосып, техникалық шарттарды алу үшін үш тұрғын алабында фронт-кеңселер ашылды. Техникалық шарттар тегін беріледі. Сонымен қатар, жеке сектордың тұрғындары үшін есептегіштер де тегін беріледі. Елорданы газдандыру - Елбасының тарихи жобасы. Ауқымды жұмыс жүргізілді. Оңтүстік өңірлерден елордаға 1 мың шақырымнан астам «Сарыарқа» газ құбыры салынды. Газдандыру экологияны жақсартуға мүмкіндік беріп қана қоймай, бұл тұрғындардың денсаулығына әсер етеді. Сонымен қатар, жеке сектор тұрғындарының өмір сүру жағдайын айтарлықтай жеңілдетеді, - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов аралау барысында ЖЭО-1-ді газға көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Аталған жұмыстар екі ЖЭО-да да жүргізілуде. Биыл ЖЭО-1 және ЖЭО-2 бірқатар қазандығы газға көшіріледі. Сонымен қатар, жылу электр орталықтарында жөндеу жұмыстары жүргізілді. ЖЭО-ның артықшылығы - олар газбен де, мазутпен де, көмірмен де жұмыс істей алады. Газдандыру процесі үш кезеңге бөлінген. Газдандыру бірнеше жыл бойы жүргізілетін болады. Тұрғын үй алаптары кезең-кезеңімен газға қосылатын болады. Бұл мәселе Мемлекет басшысының бақылауында.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы