Газ баллондарының жарылыстарынан 6 адам қаза болды
Қазақстан ТЖМ газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Газ баллондарының жарылыстары мен газ-ауа қоспасының тарсылының жиілеп кетуі елеулі алаңдаушылық туғызады.
Биылғы жылдың басынан бері ҚР ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығы газ-ауа қоспасының тарсылы болған 17 оқиғаны тіркеді, онда 6 адам қайтыс болды. Тағы 36 азамат түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.
ТЖМ аумақтық бөлімшелері өрт орнынан 961 газ баллонын шығарды. Оның 194-інің сыйымдылығы 50 литр.
2023 жылы баллондардың жарылуы мен газ-ауа қоспасы тарсылы болған 128 оқиға тіркеліп, онда 21 адам қаза тапқанын және 167 адам жарақат алғанын атап өткен жөн.
Газ баллондарының жарылуы мен газ-ауа қоспасы тарсылының негізгі себептері қауіпсіз пайдалану талаптарын және тұрмыстық газ баллоны мен газ жабдығын сақтау ережелерін бұзу, олардың дұрыс жұмыс істемеуі болып табылады.
ТЖМ газ баллондарын пайдалану ережелерін сақтай отырып, өрттің өсуін болдырмауға болатынын атап өтті:
- баллондарды тек мамандандырылған пункттерде толтырыңыз. Автожанармай құю станцияларында тұрмыстық газ баллондарын құюға тыйым салынады;
- екі қабаттан асатын көпқабатты тұрғын үйлерде газ баллондарын пайдаланбаңыз;
- баллон корпусының қызуына жол бермеңіз;
- үй-жайда газдың иісі пайда болған кезде газ беру кранын жауып, үй-жайды желдету үшін терезелер мен есіктерді дереу ашу, ашық отты пайдаланбау, электр қуатын қоспау керек;
- жұмыс істеп тұрған газ құрылғыларын қараусыз қалдырмаңыз;
- балаларға газ құралдарын пайдалануға жол бермеңіз;
- газдың шығуын тексеру үшін сабын ерітіндісін қолданыңыз.
Газ жабдықтарын уақтылы тексеру және жөндеу қажет. Ақаулы жылыту аспаптары мен газ жабдықтарын пайдалануға тыйым салынады. Еске саламыз! Газ баллонын суықтан жылы жерге кіргізіп, жылу көзінің жанына қоюға болмайды. Абай болыңыз! Біз үшін әрбір өмір маңызды!, - деп ескертті төтеншеліктер.