Газ 33%-ға қымбаттады: Қыста жылу тарифінің бағасы тағы өсе ме?
Қазақстанда газдың көтерме бағасы 33%-ға өсті. Бұл жылу тарифтеріне қалай әсер етеді және 2026-2027 жылғы қыста тұрғындар қанша төлейді?
Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тауарлық газдың көтерме бағасы орта есеппен 33%-ға өсті. Ал сәуір мен қазан аралығында халық үшін жылумен жабдықтау тарифі 2,4%-ға қымбаттады. Энергетикалық кәсіпорындардың шығыны неге тарифтерден жылдам өсіп жатыр, өңірлерде жылу құны неліктен әртүрлі және 2026-2027 жылғы жылыту маусымында қазақстандықтарды төлемнің өсуі күте ме? Бұл сұрақтарға BAQ.KZ тілшісі жауап іздеді.
Жылу өндіру құны неге өсіп жатыр?
Жылумен жабдықтау кәсіпорындарының негізгі шығындарына отын, электр энергиясы, жабдықтарды жөндеу және қызметкерлердің жалақысы кіреді.
Электр энергетикасы саласының сарапшысы Сергей Агафоновтың бағалауынша, 2026 жылы жылу және электр энергиясын өндірудің өзіндік құнына ең көп әсер еткен фактор – тауарлық газдың көтерме бағасының өсуі.
2026 жылы жылу және электр энергиясын өндірудің өзіндік құнына сөзсіз ең көп әсер еткен фактор – тауарлық газдың көтерме бағасының орта есеппен 33%-ға өсуі. Әрине, басқа да шығындар артты. Саланы қарқынды жаңғырту тиісті тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге жұмсалатын шығындардың өсуіне әкеледі, – деді Сергей Агафонов.
Тауарлық газдың көтерме бағасы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап көтерілді. Алайда сарапшының айтуынша, ресурстар құнының өзгеруі энергия өндіруші кәсіпорындардың тарифтеріне бірден әсер етпейді.
Ұлттық экономика министрлігі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында отын құнының жылу өндірудің өзіндік құнына ықпалы әр кәсіпорынның ерекшелігіне байланысты екенін түсіндірді.
Отын құнының өзіндік құнға әсері оның түріне, тұтыну көлеміне және нақты кәсіпорынның жалпы шығындар құрылымындағы отын шығынының үлесіне байланысты. Сондықтан бір ресурстың бағасы өзгерген кезде оның жылу өндірудің өзіндік құнына ықпалы әртүрлі жылу өндіруші кәсіпорында бірдей болмайды. Жылу өндірудің өзіндік құнын қалыптастыратын негізгі шығындарға отын, электр энергиясы, сатып алынатын су, жалақы мен оған байланысты аударымдар, жөндеу, негізгі құралдардың амортизациясы және басқа да өндірістік шығындар жатады, – деп хабарлады ведомство.
Осылайша, шілдеде газ бағасының өсуі энергия өндіруші кәсіпорындардың шекті тарифтерінде тек 10 қыркүйекте, тиісті тарифтер бекітілгеннен кейін ескерілді.
Өңірлерде жылу тарифі неге әртүрлі?
Жылу өндірудің өзіндік құнына отын бағасымен қатар жылу көзінің орналасуы, жабдықтардың жағдайы және ресурстарды жеткізуге жұмсалатын шығындар да әсер етеді.
Сергей Агафоновтың айтуынша, отын шығындарының өзгеруіне газбен жұмыс істейтін жылу электр орталықтары, сондай-ақ көмір өндірілетін жерлерден алыс орналасқан көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-лар ерекше сезімтал. Соңғы жағдайда көмірді тасымалдау шығындары маңызды рөл атқарады.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті тарифтер әр кәсіпорын үшін жеке белгіленетінін мәлімдеді.
Өзіндік құнға стратегиялық тауарлар мен ресурстарға – отынға, көмірге, мазутқа, газға, электр энергиясына, сондай-ақ материалдарға, бөгде ұйымдардың қызметтеріне, салықтарға, желілерді, активтерді және басқа да өндірістік мүлікті ұстауға жұмсалатын шығындар кіреді. Бұған қоса, коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейі, оны жаңғырту қажеттілігі, қызметкерлердің жалақысының өсуі, электр энергиясы мен газ бағасының өзгеруі де тарифтерге әсер етеді», – деп хабарлады комитет.
Сарапшы халық пен басқа тұтынушылар санаттары үшін белгіленетін тарифтердің арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін де атап өтті.
Мысалы, «Абайлық жылу жүйелері» ЖШС жариялаған мәліметке сәйкес, 2026 жылғы 1 тамыздан бастап Қарағанды облысындағы Абай қаласында жылу энергиясын беру, тарату және жабдықтау тарифі халық үшін ҚҚС-сыз бір Гкал-ға 3 624,23 теңге болған. Ал бюджеттік ұйымдар үшін бұл көрсеткіш ҚҚС-сыз 94 334,49 теңгені құраған. Яғни бюджеттік ұйымдар үшін жылу тарифі халыққа арналған тарифтен шамамен 26 есе жоғары.
Сергей Агафонов мұндай айырмашылықты тұтынушылар санаттары арасындағы тарифтік жүктеменің қайта бөлінуімен байланыстырады.
Бізде жылу әлі де әлеуметтік маңызы бар тауар ретінде қарастырылады. Оның тарифі өзіндік құнынан да, нақты құнынан да төмен. Мұндай тәсіл жылумен жабдықтау саласының дамуына да, энергияны үнемдеуге де ықпал етпейді. Ал бұл бағыттағы әлеует өте үлкен, – деп есептейді сарапшы.
Жылу желілерінің тозуы тарифке қалай әсер етеді?
Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, жылу көздері мен желілердің тозуы жабдықтарды жөндеуге және ауыстыруға қосымша қаражат жұмсауды талап етеді.
Сергей Агафоновтың пікірінше, инфрақұрылымды жаңарту тарифтік сметаларға қосымша салмақ түсіреді. Сонымен бірге сарапшы қолданыстағы төлем жүйесі тұтынушыларды жылуды үнемдеуге жеткілікті дәрежеде ынталандырмайтынын айтады.
Үй бойынша ортақ есептеу жүйесі жылумен жабдықтау қызметтері үшін төлем жасағанда энергияны үнемдеуге мүдделі тұрғындарға осы мүмкіндікті толық пайдалануға жол бермейді. Сондықтан жылумен жабдықтауға жұмсалатын шығынды азайтудың негізгі жолы – жылуды үнемдеуге мүмкіндік беретін тетіктерді енгізу. Сеніңіз, оның нәтижесі өте әсерлі болуы мүмкін, – деп атап өтті сарапшы.
Инфрақұрылымды жаңғырту энергия шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Алайда бұл жұмыс халық үшін тарифтердің бірден төмендеуіне кепілдік бермейді.
2026-2027 жылғы қыста жылу қымбаттай ма?
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің дерегінше, 2026 жылғы сәуірден қазанға дейін халық үшін жылумен жабдықтау тарифтері 2,4%-ға өскен.
Алдағы уақытта тарифтердің қалай өзгеретіні жылумен жабдықтау ұйымдарының өтінімдеріне, шығындардың өсуіне, инфрақұрылымның техникалық жағдайына және өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға байланысты болады.
Жыл соңына дейін тарифтердің өзгеру динамикасы, ең алдымен, табиғи монополиялар субъектілерінің өтінім беруіне, жоғарыда аталған факторлардың ықпалына, инфрақұрылымның техникалық жағдайына, сондай-ақ өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға байланысты болады, – деп хабарлады Табиғи монополияларды реттеу комитетінен.
Сергей Агафонов 2026-2027 жылғы жылыту маусымында жылу өндірудің өзіндік құны өсе береді деп болжайды.
2026-2027 жылғы жылыту маусымында жылу өндірудің өзіндік құны өсуін жалғастырады. Күзгі-қысқы кезеңде жөндеу жұмыстарының қарқыны төмендегенімен, олар толық тоқтамайды. Бұдан бөлек, энергетика да ұлттық экономиканың кез келген басқа саласы сияқты инфляцияның ықпалына ұшырайды. Сондықтан жылудың өзіндік құны осы фактордың әсерінен де өседі, – деп түсіндірді сарапшы.
Ал халық үшін жылу тарифтерінің көтерілуіне қатысты сарапшы келесі жылдың басында өзгеріс болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Жылу тарифтерін көтеруге келсек, Табиғи монополияларды реттеу комитеті жаңа тарифтерді, әдетте, жылыту маусымы басталғанға дейін бекітеді. Мысалы, 1 қыркүйектен немесе 1 қазаннан бастап күшіне енуі мүмкін. Дегенмен жекелеген өңірлерде жылу тарифтері 2027 жылдың басынан бастап өсуі ықтимал, – деді Сергей Агафонов.
Өндірістік шығындардың өсуіне қарамастан, қыс мезгілінде жылу тарифінің көтерілуі автоматты түрде жүзеге аспайды. Қызмет құнын қайта қарау туралы шешімдер кәсіпорындардың негізделген шығындары ескеріліп, белгіленген тәртіппен қабылданады.
Сонымен қатар түбіртектегі соманың өсуі тек тарифтің өзгеруіне ғана емес, ауа температурасы төмендеген кезде нақты тұтынылған жылу көлемінің артуына да байланысты болуы мүмкін.