Гаухар Алдамбергенова: Ынтымақ пен біртұтастыққа үндеген мәлімдеме

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Алдамбергенова Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.

Оқу орнының басшысы өз пікірін әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында жариялады.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі коронавирус індетіне қатысты отандастарымызға арнайы мәлімдеме жариялады. Әлемге, жалпы адамзатқа қауіп төндіріп отырған дерттің алдын-алу, аурудың кеңінен таралмауына жол бермеу мақсатында елімізде нақты әрі ұтымды шаралар қолға алынғаны баршаңызға белгілі. Бұл – азаматтардың денсаулығын сақтап, олардың өмірін қорғап қалу орайында қабылданған батыл бастамалар еді. Осындай қиын-қыстау уақытта қазақстандықтар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ұйымшылдық таныта білді. Бұл қоғамымыздың кемелденгенін һәм жаңғырғанын айғақтаса керек-ті. Міне, Президент өз мәлімдемесінде осы жайт турасында кеңінен атап өтті – деді ректор.

Сонымен қатар ол карантин жағдайында тұрақты табысынан айырылған ел тұрғындарына қолдау көрсетіліп келе жатқандығын және мұндай игілікті іс алдағы уақытта да жалғасын таба беретіндігін тілге тиек етті.

Мемлекет басшысы келешекте ел экономикасын қуаттандыру жолындағы қарышты қадамдар төңірегінде де баяндады. «Бүгінде еліміз дамудың жаңа деңгейіне қадам басып отыр. Шын мәнінде, біз енді мүлде жаңа жағдайда өмір сүретін боламыз. Сондықтан экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды әрі маңызды өзгерістер қажет», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Сондай-ақ ол жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра беретіндігін мәлімдеді – деді оқу орнының басшысы.

Ол осы орайда астын сызып атап өтетін бір жайт бар екенін айтты.

Бүгінде Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы мен ол басқарып отырған ведомство ұжымының ұтымды ұйымдастыруының нәтижесінде елімізде қашықтан оқыту жүйелі жүргізілуде. Атқарылған істер аз емес. Бар нәрсені бар деген ләзім болатын шығар деп ойлаймын. Елімізде төтенше жағдай жарияланған уақыттан бастап Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті де бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді – деді Гаухар Алдамбергенова.

Біріншіден, студенттер, магистранттар мен докторанттарға білім беру үздіксіз іске асырылуда. Бұл орайда оқу орнының профессор-оқытушылар құрамының ерен еңбегін ерекше атап өткім келеді - деген ректор басқа да бірнеше игі іске тоқталды.

Екіншіден, білім алушыларға жеделдетілген әдістемелік көмек көрсету мақсатында "Академиялық сағат" жобасы бастау алды. Мақсат – университеттің оқытушылары, білім алушылары және әкімшілік қызметкерлерімен қашықтан оқу бойынша тығыз байланыс жасау. "Академиялық сағат" кезінде білім алушылар проректорларға, декандарға, кафедра меңгерушілеріне қашықтан оқыту барысында туындап жатқан сұрақтарды қоя алады. Үшіншіден, "Цифрлы волонтер" жобасы. Ол профессор-оқытушыларға әдістемелік және ақпараттық көмек көрсетуге бағытталған. Төртіншіден, университетте Психологиялық қолдау қызметі ашылды. Оқу орнының білікті психолог мамандарынан құрылған топ карантин уақытында ел тұрғындарын қолдау мақсатында және өз-өзін оқшаулау ситуациясында стресстік жағдайға түсудің алдын алу бойынша кеңестер береді. Қызметтердің барлығы тегін - деді ол. 

Барлық ақпараттар университеттің ресми интернет ресурсы мен әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланған.

Сөзімді Мемлекет басшысының есте ұстарлық мына бір сөзімен аяқтағым келіп отыр: "Бұл дағдарыс бірлігі бекем, елін сүйетін отаншыл жұрт екенімізді көрсетті. Қашанда осылай ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Оған ешқандай күмән жоқ. Елдің қамы үшін бастаған ісіміз қайырлы болады деп сенемін! Халқымыз "Береке басы – бірлікте" дейді. Жұдырықтай жұмылсақ, кез келген қиындықты жеңеміз! – деді Гаухар Алдамбергенова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы