«Ғасырлар кітабы»: 100-ге жуық сирек кітап көрсетілді
Ертіс өңірінде бүкіләлемдік кітап күніне арналған «Оқитын Павлодар» фестивалі шеңберінде «Ғасырлар кітабы» көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Көрмені ұйымдастыруға кітапханалармен қатар, жеке коллекция иелері, жоғары оқу орындарының өкілдері мен діни қызметкерлер қатысты.
С. Торайғыров атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры Шолпан Шахметованың айтуынша, «Ғасырлар кітабы» көрмесіне 100-ге жуық сирек кітаптар бар.
Көрмені өткізудегі басты мақсат – қарапайым оқырмандарға сирек кітаптарды көруге, ұстауға, оқуға мүмкіндік беру. Себебі, бұл раритетті әдебиеттер көбінесе жеке коллекцияларда сақтаулы. Қалың оқырманға қолжетімсіз. Көрме барысында павлодарлық суретші Евгений Фридлиннің сегіз кітабымен танысуға болады. Ең көнесі француз тілінде жазылған. 1595 жылы жарық көрген. 17-18 және 19-ша ғасырларда басылған туындылар да жетерлік. Сонымен қатар, зағип жандарға арналған кітапхананың коллекциясындағы үлгілер де бар. Ерекшелігі сол, олар Брайль қарпімен жазылған. Жақсы сақталған. Сол кездегі кітаптардың сапасы таң қалдырады, - дейді Шолпан Шахметова.
Кітаптардың ірінше араб, қазақ, орыс, француз тілінде басылған әдебиеттер жетерлік. Мәселен, Бұхар жырау атындағы әдебиет музейі экспедиция барысында табылған сирек кітаптарды паш етті. Ал Мәшъүр Жүсіп мешітінің қызметкерлері көне Құран үлгілерін көрмеге қойды.
Бүгінде әмбебап кітапхананың қорында да сирек кітаптар жетерлік. Үш мыңға жуық дана арнайы камераларда сақталған. Оларды оқуға мүмкіндік бар. оқырмандар үшін кітаптар сандық форматқа ауыстырылған.