10 Наурыз 2026, 12:25 Фото: Петропавлдағы нан-тоқаш комбинаты

Ғасырға жуық дәстүр: Петропавл нан-тоқаш комбинаты сапаны қалай сақтап келеді?

Еліміздегі ең көне кәсіпорындардың бірі – Петропавлдағы нан-тоқаш комбинаты.

Еліміздегі ең көне кәсіпорындардың бірі – Петропавлдағы нан-тоқаш комбинаты. 90 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеген комбинат – өңірдегі ірі өндірушілердің бірі. Кәсіпорын өнім сапасын қалай сақтайды және оның алдағы даму жоспары қандай? Бұл жайында BAQ.KZ тілшісіне комбинат директоры Ерлан Қайшыбеков айтты.

100 жылға жуық тарих

Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздегі негізгі астық өңірінің бірі. Онда шикізат қорының мол болуы қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға қолайлы жағдай жасайды.

Саладағы ең көне кәсіпорындардың бірі – “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС. Кәсіпорын 1933 жылдан бері жұмыс істеп келеді және бүгінге дейін өңірдегі негізгі нан өнімдерін өндірушілердің бірі болып саналады.

Комбинат директоры Ерлан Қайшыбеков ұзақ жылдар ішінде жабдықтар жаңартылып, өндірістік процестер жетілдірілсе де, басты міндет өзгермегенін айтты.

Комбинат 1933 жылдан бері жұмыс істейді, яғни тарихы 90 жылдан асады. Мен оны 2016 жылдан бері басқарып келемін, ал жалпы бұл жерде 2012 жылдан бастап еңбек етемін. Сондықтан өндірістің ерекшелігін ішінен жақсы білемін. Осы уақыт ішінде көп өзгеріс болды: жабдықтар жаңартылды, өндірістік процестер қайта қаралды. Бірақ негізгі стратегиялық мақсат өзгерген жоқ – сапалы өнімді тұрақты түрде шығару, – дейді ол.

Қайшыбековтің айтуынша, кәсіпорын тоғыз онжылдықтан астам уақыт бойы жұмыс істеп, өңірдегі жүйе құраушы өндірушілердің бірі мәртебесін сақтап отыруы – басқарудағы жүйелі саясаттың нәтижесі.

"Дайын ұн алмаймыз"

Кәсіпорынның ерекшеліктерінің бірі – өз шикізатымен жұмыс істеуі. Комбинат дайын ұн емес, астық сатып алады.

Сатып алар алдында мамандар оның сапасын зертханада тексереді. Астықтың ылғалдығы, клейковинасы сияқты көрсеткіштері анықталады. Содан кейін астық диірменге жіберіліп, әртүрлі рецептураларға сәйкес қажетті сипаттамалары бар ұн партиялары дайындалады.

Біз принципті түрде дайын ұн емес, астық сатып аламыз. Сатып алар алдында міндетті түрде тексеріс жүргізіледі – ылғалдығы, клейковинасы, натурасы, құлау саны анықталады. Осыдан кейін технолог сатып алу туралы шешім қабылдайды. Кейін астық диірменге жіберіліп, нақты рецептураларға сәйкес параметрлері белгіленген ұн партиялары дайындалады.

Кәсіпорында ішкі бақылаудың кезең-кезеңмен жүргізілетін жүйесі бар. Өнім сапасына өндірістің барлық учаскелері жауапты. Ұн тартылып, қамыр иленгеннен кейін де бақылау жалғасады. Қамырды бөлу кезеңінен бастап пісіруге дейінгі барлық сатыда тексеріледі. Іс жүзінде өзін-өзі бақылау жүйесі жұмыс істейді: әр қызметкер өз учаскесінде технология талаптарының сақталуын және параметрлердің сәйкестігін қадағалайды. Егер талапқа сай келмейтін жағдай анықталса, өнім өндіріс желісінен шықпай тұрып-ақ жарамсыз деп танылады, – деді Ерлан Қайшыбеков.

Компания басшысының айтуынша, бүгінде комбинат 50-ге жуық нан-тоқаш өнімін және 80-нен астам кондитерлік өнім түрін шығарады. Мұндай көлемді сақтау үшін өндірісті үнемі техникалық жаңартып отыру қажет.

Уақыт өте келе жабдықтар тозады, сондықтан өндіріс қуатын төмендетпеу үшін оларды кезең-кезеңімен жаңартып отырамыз. Соңғы жылдары тұтас дәннен жасалатын нан бағытын күшейттік: астықты тазарту жүйесін жаңартып, учаскені қосымша жабдықтармен толықтырдық, шикізатты дайындау процесін жетілдірдік. Бұл – технологиялық тұрғыдан өте мұқият баптауды қажет ететін жеке сегмент, – дейді ол.

Нан бағасын тұрақты ұстау

Нан өндірісінде шикізат сатып алу маусымдық сипатқа ие. Сондықтан қаржылық құралдар егін жинау науқаны кезінде астық қорын алдын ала қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Өткен жылы “Даму” қоры арқылы бізге шамамен 170-180 миллион теңге субсидия бөлінді, кейін тағы 205-208 миллион теңге көлемінде қаржы берілді. Бұл қаражатты біз астық арзандау болатын маусымда оны сатып алуға жұмсаймыз әрі сапалы шикізатты таңдауға мүмкіндік аламыз. Соның арқасында жарты жылға жететін қор қалыптастырып, нан бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұра аламыз. Қазір кәсіпорын біртіндеп облыс шегінен шығып, өнім өткізу нарығын әртараптандырып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысынан бөлек, біз тұтас дәннен жасалатын өнімдерді Көкшетау, Астана, Қарағанды, Павлодар және Қостанай қалаларына жеткіземіз, – дейді ол.

Жаңа нарықтарға шығу

Бүгінде кәсіпорын жеткізу географиясын біртіндеп кеңейтіп келеді. Көкшетау, Астана, Қарағанды, Павлодар және Қостанай қалаларына өнім жеткізумен қатар, басқа елдерге экспорттау мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

Біз Өзбекстан және Қытаймен келіссөздер жүргіздік. Алайда бұл нарықтарға шығу үшін едәуір дайындық пен инвестиция қажет, – дейді директор.

Экспортты дамыту мақсатында кәсіпорын өнімнің сақтау мерзімін ұлғайту үшін мұздату технологиялары мен жартылай дайын өнімдер өндірісін енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Кадр мәселесі

Кәсіпорын үшін кадр мәселесі әлі де негізгі тақырыптардың бірі болып отыр. Салада мамандар аз болғандықтан, комбинат қызметкерлерді көбіне өз ішінде оқытуға басымдық береді.

Қазір бізде 350-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Олардың бір бөлігін өндіріс барысында өзіміз оқытып дайындаймыз. Жалақы толықтай ресми түрде төленеді, барлық әлеуметтік төлемдер заң талаптарына сай жүргізіледі. Сонымен қатар бізде бастамаларды қолдау жүйесі бар, кез келген қызметкер өндірісті жақсарту бойынша ұсыныс айта алады. Егер ол ұсыныс іске асса, авторын міндетті түрде марапаттаймыз, – дейді кәсіпорын директоры Ерлан Қайшыбеков.

Ғасырға жуық тарихы, толық өндірістік циклі және кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары кәсіпорынға өңірдегі өз позициясын сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Бәсекелестік күшейіп, экономикалық жағдай құбылмалы болған кезеңде компания негізгі басымдығын шикізат сапасына, қаржылық тұрақтылыққа және жаңа нарықтарды іздеуге бағыттайды.