Ғасыр індеті – АИТВ қалай анықталады?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Астана қалалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының бас дәрігері Сәбит Әбдірайымов хабарлады. Оның айтуынша, АИТВ дерті тестілеу арқылы анықталады.
Тестілеу міндетті және ерікті түрде жүргізіледі. Міндетті топтарға донорлар, жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері, сотталғандар және сот, прокуратураның сұранысы бойынша тұлғалар жатады. Қалғандары, оның ішінде осал топтар, клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша АИТВ-ға тесттен өтеді. Нәтижесі оң болған кезде, психолог маманның консультациясы беріледі. Кеңес кезінде міндетті түрде есепке тұрып, ем бастау керектігі айтылады, - деп атап өтті орталықтың бас дәрігері.
Ал емделуден жалтарғандар мен АИТВ-ға шалдыққанын біле тұра басқа адамдарға қасақана жұқтырғандарға әкімшілік жаза қолданылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны белгілі.
АИТВ – бұл созылмалы ауру, ол көп жағдайда баяу, бірақ тұрақты түрде дамиды. Бұл вирус иммундық жүйені төмендетіп және СД4 жасушаларын азайтады. Иммунитеттің төмендеуінен организм тіпті, жеңіл аурулардан да қорғана алмайды. АИТВ-инфекциясы адамдардың жеке бір әлеуметтік тобымен шектелмейді. Ол жалпы популяцияға тараған және кез келген адам вирусты жұқтыруы мүмкін, - деді Сәбит Әбдірайымов.
Елордалық СПИД-ке қарсы күрес орталығы АИТВ жұқтырғандарға және ЖИТС-пен ауыратындарға мамандандырылған амбулаториялық-емханалық медициналық көмек көрсетеді. Сонымен қатар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді.
Соның нәтижесінде антиретровирустық терапияға 1414 науқас тартылды. Бұл диспансерлік есепте тұрғандардың 93 пайызын құрайды және бұл жұмыс жалғасын табады, - деп отыр орталықтың басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін еордада жыл басынан бері 300-ге жуық адам АИТВ жұқтырғаны туралы жазған болатынбыз.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
«Шапағаттың» шапағаты тиген жандар
Келесі жаңалық
“Жан Шуақ” сыйлығының лауреаттары марапатталды
Өзгелердің жаңалығы