Ғасырдың ғажап адамы – Елбасы сабақтары

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Түркістан қаласы, Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясында 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне арналған "Қазіргі заманғы Қазақстан. Елбасының көшбасшылық сабақтары" тақырыбында жалпыреспубликалық ашық сабақ өткізілді.

9 сынып оқушыларымен ұйымдастырылған мерекелік сабаққа Түркістан қаласының Құрметті азаматы, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Украинаның Днепроджерзинск қаласында бірге оқыған курстасы, құрметті зейнеткер Асетулла Каримов құрметті қонақ ретінде шақырылды.  

Сабақтың мақсаты – оқушыларды Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегінің маңызын ашу, балалардың ой-өрісін кеңейту, еліміздің Тұңғыш Президентіне деген мақтаныш сезімін ояту, патриотизм мен Отан сүюге тәрбиелеу. Елбасының өмірі мен еңбек жолы арқылы өз елінің тарихы мен мәдениетін құрметтейтін, белсенді, шығармашыл, мақсаты айқын, ізгілікті тұлғаны тәрбиелеу.

Мерекелік ашық сабаққа арнайы келген Елбасының курстасы Асетулла қария оқушыларға Н.Назарбаев туралы қызықты естеліктер айтып берді. Оның айтуынша, ол сол  кездегі "Лениншіл жас" газетіне шыққан тек қана қазақ жастарынан мамандар дайындаймыз деген үндеу бойынша Украинаға оқуға барған. Алғашында жергілікті халық бұларды қытай, кәріс, моңғол ұлтымен шатастырыпты.

61 жыл бұрын Украинаның Днепроджерзинск  қаласында  екі жылдай техникалық училищеде оқыдық. Сонда сол топтың ішінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы да бізбен бірге болды. Сабақтың бәрі орыс тілінде жүреді. Онжылдықты бітіріп ауылдық жерден барған біздерге тілді білу қиынға соқты. Үйге тапсырма берсе мағынасын білмесек те жаттап алып баратынбыз. Бірақ, адам талаптанса бәрін үйренеді, екі айдан кейін төселе бастадық. Сол кезде бізге Елбасының көп көмегі тиді. Бізді кешке жинап алып, сабақты түсіндіретін. Тек сабақты емес, көпшілік ортада адам өзін қалай ұстау керек, қалай жүріп-тұру керектігімізді айтып, мәдениетті де үйрететін.  Екі жылдан кейін барлығымыз Теміртау қаласына бардық. Қолымызға күрек пен лом алып зауыттың негізін қалаған болатынбыз, - деп еске алды ол.

Алайда, Асетулла Каримов 7-8 айдан соң денсаулығына байланысты елге қайтуға мәжбүр болады. Дәрігерлердің "климат ауыстырмасаңыз болмайды" деген тағайындауынан соң,  Түркістанға қайтып оралады. Елге келгеннен кейін теміржол саласына жұмысқа тұрып, 40 жылдай еңбек етіп, зейнетке машинист болып шығады.  

Теміртаудан кеткеннен кейін арада қанша жыл өтіп кетті. 30 жылдан кейін 1988 жылы Елбасы Түркістанға келді. Ол кезде Н.Назарбаев Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы болатын. "Сен Каримов Асетулласың ба?" деген кезде таң қалдым. Оның есте сақтау қабілеті өте күшті. Әйтпесе, қызмет бабында жүріп, сонша адамды есте сақтау оңай емес қой. Ол кісінің бізге жасаған жақсылығы, әр бес жылда Украинада оқыған курстастарының басын қосып, кездесулер ұйымдастырып тұрады. Бұған дейін Алматы, Шымкент, Теміртауда кездестік. Былтыр Астанада кездесуде бізді өзінің Ақ ордасында қабылдады. Дастархан жасаған екен. Бізге Елбасы әзілдеп: "Сіздер, Президент құр шаймен қайтарды деп жүрерсіздер, кешке ресторанда бас қосып отырайық" деді. 18 адам жиналып,  әңгіме айтып, ән салып, сырласып тарқаған болатынбыз, - деді оқушыларға қызықты естеліктерімен бөліскен Асетулла Каримов.


Ашық сабақты қорытындылаған мектеп директоры Рахила Урумова Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы ашық сабақ 1-4 және 8-11 сынып оқушылары арасында да өткізілгенін, мұндай шаралардың жас ұрпаққа берер тәлімі мол, маңыздылығы мен құндылығы ерекше жоғары екенін  атап өтті.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы