Гастрофестиваль: Астанаға еліміздің түкпір-түкпірінен 30 тонна қымыз жеткізілді

Астанада алғаш рет ұлттық сусын – қымызға арналған ауқымды гастрофестиваль "BaiQymyz – бапталған қымыз" өтуде. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Фестивальдің алғашқы күні-ақ еліміздің әр аймағынан келген қатысушылар Астанаға 30 тоннадан астам қымыз әкеліп, жаңа рекорд орнатты. Бұған дейін мұндай көлемдегі ұлттық сусын бір жерде жиналып, жұрт назарына ұсынылған емес.

Біз еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ден астам қымыз өндірушіні жинадық. Әрқайсысы кемінде 500 литрден қымыз алып келді. Олардың белсенділігі мен елордалықтардың қолдауының арқасында жаңа рекорд орнаттық. Егер фестиваль жұртқа ұнаса – біз оны жыл сайын өткізетін боламыз, – деді BaiQymyz фестивалінің ұйымдастырушысы Жұмажан Қалтаев.

Айта кетейік, фестиваль 19-20 шілде күндері Астанадағы "Қазанат" атшабарында өтеді. Қонақтар қымыздың әртүрлі түрлерінен дәм татып қана қоймай, ұлттық тағамдармен танысып, фольклорлық өнерді тамашалап, қолөнер жәрмеңкесі, жылқы көрмесі, концерттер мен түрлі байқауларға қатыса алады.

Іс-шараның алғашқы күні-ақ 40 мыңнан астам қонақ келіп, фестивальге қатысушылар арасында тек астаналықтар мен Қазақстанның өңірлерінен келген тұрғындар ғана емес, алыс-жақын шетелден келген туристер де болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы