Гастроэнтеролог: Дұрыс тамақтанбау семіздік пен асқазан-ішек жолдары ауруын тудырады

Бүгінде жас та, кәрі де тез дайындалатын тағамдарды тұтынатын болды. Атап айтсақ, донер, бургердің сан түрі, фри, пицца, суши, тағы басқа тағамдарды тамсана жейміз. Ал балалар айран мен сүттен гөрі тәтті сусындарды ішкенді жөн көреді.

Ата-бабаларымыз «Ауру — астан» деп бекер айтпаса керек. Қазір жеп жүрген тағамдарымыз ертең жазылмас ауруға әкелмей ме? Дұрыс тамақтану үшін не істеу керек? Сондай-ақ арықтау немесе салмақтан арылу үшін қандай ережелерді ұстанған жөн? Біз осы және өзге де сауалдар жөнінде Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің №1 жалпы дәрігерлік практика кафедрасының ассистенті, жоғары санатты педиатр, гастроэнтеролог-дәрігер Шынаргүл Жакиевамен әңгімелескен едік...

— Шынаргүл Сағидуллақызы, ең алдымен дұрыс тамақтану дегеніміз не? Сол жөнінде кеңірек айтып берсеңіз.

— Дұрыс тамақтану — бұл ағзамызға қажетті табиғи және жоғары сапалы өнімдердің теңдестірілген диетасы. Тамақты жеткіліксіз мөлшерде ішу немесе мөлшерден артық ішу де ағза үшін зиянды, сондықтан кез келген адам тамақтанудың мөлшерін дұрыс білуі керек. Бұл орайда тамақтану әдетін өзгерту үшін уақыт пен көптеген аспектілерге назар аударуға тиіспіз. Мәселен, біріншіден, дұрыс тамақтану әдетке айналуы үшін миға кем дегенде 21 күн қажет. Сондықтан денсаулық үшін диета сақтау, аса қатал шектеулер қою қажет емес. Дұрыс тамақтану әртүрлі және дәмді болуы керек. Күн сайын пайдалы тамақтарды жеуге тырысып, ал зиянды тағамдардан біртіндеп бас тарту қажет. Ең бастысы, көңіл күй мен өзгеріске деген ынта-ниет болуға тиіс.

Екіншіден, дұрыс тамақтану үшін ас мәзірінен тәттілер мен кондитерлік өнімдерді, тез дайындалатын тағамдар, яғни, фаст-фудты, жартылай фабрикаттар және шұжықтарды, газдалған сусындар мен шырындарды, түрлі тамаққа қосатын тұздықтар мен дәмдеуіштерді алып тастау керек. Бұл өнімдерді қазір күн сайын теледидардан, интернеттен белсенді түрде жарнамалауда. Алайда бұл тағамдар көптеген адамдар үшін дәмді көрінгенімен, олардың адам ағзасына пайдасы жоқ. Үшіншіден, денсаулығын ойлаған адам алкогольді ішімдіктерден бас тартуы қажет. Дұрыс тамақтану кезінде алкогольді ішімдіктерден толығымен бас тарту бұл физиологиялық тұрғыдан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да өте маңызды. Сонымен қатар кез келген алкогольдік сусынның құрамында калория мөлшері көп. Ол ағзаға қажетті тамақтың сіңуіне кедергі келтіруі мүмкін.

Төртіншіден, су ішу режимін сақтау қажет. Мәселен, кейбір адамдар жиі тамақтануды ойлайды, ал негізінде олардың азғасына таза ауызсу керек. Жалпы, судың арқасында денеде көптеген маңызды реакциялар жүреді. Су қоректік заттарды ерітетін сұйықтық болған соң оларды дененің әр жасушасына жеткізеді. Су теріні ылғалдандырады, ас қорыту процестеріне және қалдықтарды шығаруға қатысады. Бұл орайда кез келген адам күніне салмағына қарай 2-3 литр су ішуі керек. Сондықтан дұрыс тамақтану кезінде суды жиірек ішіп, ағзамызды барынша сұйықтықпен толтыруға тиіспіз.

— Қазір үйде болсын, тамақтану орнында болсын, балалар фаст-фуд өнімдерін жегенді ұнатады. Бұл орайда баланы пайдалы тағам жеуге қалай үйретуге болады?

— Баланы кішкентай кезінен пайдалы, құнарлы тағаммен тамақтандыру өте маңызды. Осы орайда баланы нәресте кезінен бастап арнайы тағамды таңдаудан бастау керек. Дұрыс тамақтану — балалар денсаулығының негізі және өмір бойы пайдалы болады. Баланы ерте жастан бастап дұрыс тамақтануға үйрету оған ересек өмірде тамақтануға оң көзқарас қалыптастыруға көмектеседі. Мәселен, жаңа туған сәбидің табиғи тағамы — ана сүті. Онда бала ағзасына қажетті барлық дәрумендер бар. Негізінен, аналар баланы екі жасқа дейін емізу керек. Бұл баланың иммундық жүйесінің қалыптасуына, интеллект деңгейінің өсуіне, сондай-ақ ана денсаулығына тікелей әсер етеді. Ана сүтімен тамақтандыру балаға қосымша тағамдарды беруге болмайды деген сөз емес. Дегенмен ана сүтін ембеген немесе оны аз уақыт емген балаларда даму көрсеткіштері төмендейді. Бұл ретте алты айдан бастап баланың тамағына қосымша тағамдарды енгізген дұрыс. Бұл жерде қосымша тамақтандыру дегеніміз не? Бұл балаға алты айдан бастап емшек сүтімен қатар қосымша тамақ беру деген сөз. Қосымша тамақтардың құрамында бала ағзасының толық дамуына қажетті барлық қоректік заттар бар. Сондықтан балаға кішкентай кезінен бір шай қасық көлемінде қосымша тамақ беруді үйрету керек. Әдетте, балаларға үстел басында дәнді дақылдардан күріш пен қарақұмық ұсынылады, өйткені олардың құрамында глютен жоқ. Қосымша тағамдарды беру барысында балаға күнара бір шай қасық тамақ қосып отыруға болады, осылайша жеті айға дейін қажетті көлем біртіндеп қалыптастырылады. Бала бір компонентті қосымша тамақты жей бастаса, кейін араға уақыт салып екінші компонентті қосуға болады.

Үш жасқа дейін баланың тамағына тұз бен қант қоспау керек. Жалпы баланы дұрыс тамақтану оның қалыпты дамуын анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Бұл оның өсуіне, денсаулық жағдайына тікелей әсер етеді. Мысалы, ата-аналар балаларын мектепке дейінгі жаста дұрыс тамақтандыруға тиіс. Сондай-ақ дұрыс тамақтануға үйрету үймен қатар балабақшаларда, мектептерде де жүргізілуі керек. Тіпті, білім беру ұйымдары балалардың тамақтануына ғана емес, салауатты өмір салтын ұстануына да ықпал етуі керек. Бұл орайда ұстаздар, жауапты мамандар балаларға үлгі бола білуге тиіс. Мектеп асханаларында зиянсыз тағамдар болуы шарт. Сондай-ақ оқушылар түскі немесе кешкі асты уақытында әрі ештеңеге алаңдамай отырып ішуге тиіс.

Қалай десек те, балаға дұрыс тамақтану үрдісін үйрететін – ата-ана. Дегенмен отбасында кей жағдайда балалардың тамақтануына ата-аналар қажетті ықпал жасамай, керісінше оларды қинап үйретуге тырысатындар бар. Бұл дұрыс емес. Бала кейбір тағамның зиян екенін, оны күн сайын тұтынуға болмайтынын өзі түсінуі керек.

Дәрігер ретінде менің ата-аналарға айтарым, мектеп жасына дейінгі балаларға чипсы, попкорн, басқа да қуырылған тамақты тұтынуға болмайды. Ал мектеп жасындағы балалардың майонез бен кетчупті тұтынуы дұрыс емес. Сондықтан бұл тағамдарды балаларға бермеуге кеңес беремін. Сол сияқты газдалған сусындарды да аз-аздан тұтынған жөн.

— Қазір тамақтың құнарлылығы аз. Ағзаны қалпына келтіру үшін қандай тағамдар тұтынған жөн?

— Ағзаның қалпына келтіру үшін дұрыс тамақтанып, ағзаны сумен қамтамасыз етіп, сондай-ақ жеткілікті мөлшерде ұйқтау қажет. Дұрыс тамақтану үшін теңгерімді немесе үйлесімді диета керек. Яғни, организмді үш макроэлементпен қамтамасыз ету қажет. Олар: ақуыз, май және көмірсулар. Бұл жерде көмірсулардың қатарына күріш, жүгері, тары, картоп, жеміс, жасымық, бұршақ, алабота (көкпек) және қарақұмық жатады. Олардың құрамында В тобының витаминдері, фолий қышқылы, магний, кальций, темір, ақуыз және жасұнық бар. Ал ақуыздың көздері болып ет, жұмыртқа, балық және теңіз өнімдері, сүт және сүт тағамдары, соя өнімдері, жаңғақтар, бұршақ тұқымдастары саналады. Ал құрамында май бар өнімдер қатарынаөсімдік тұқымдары, жемістер және жаңғақтар, ет өнімдері, балық, жұмыртқа, сүт өнімдері және май жатады.

— Қазіргі қоғамда салмағы көп адамдар көбейіп барады. Оған басты себеп не?

— Басты себеп — тамақтанудың бұзылысы (шектен тыс тамақтану), белсенді қозғалыстың шектелуі, генетикалық бейімділік, инсулинге төзімділік, стресс, сондай-ақ гормоналды бұзылулар (өсу гормоны, қалқанша без, гипофиз және бүйрек үсті безі проблемалары). Сондықтан салмақ қосудың алдын алу үшін кез келген адам барынша белсенді қозғалып, дұрыс тамақтануы керек. Ал денсаулығы қалыпты болмаса, онда білікті дәрігерлерге қаралып, емделуі қажет.

— Артық салмақтан арылу үшін қалай тамақтанған жөн?

— Біріншіден, май рациондарын қысқарту керек. Салмақ өсіп бара жатқанда жеңіл тамақтануға көшкен немесе белсенді әрекет жасау арқылы денеден шығатын қуаттың мөлшерін арттырған жөн. Және артық салмақ қосуды қаламайтын адам ет, сүт өнімдерін, малдың майын, тәттілерді, нан, ботқа, картопты көп қолданбай, тәбетті арттыратын дәмдеуіштер мен ащы нәрселерді шектеуге тиіс. Бұдан бөлек, тұзды да өте аз мөлшерде пайдаланғаны дұрыс. Сондай-ақ құрамында көмірсулар мен қант мөлшері көп өнімдерді сирек қолданғаны абзал.

Жалпы арықтау үшін бірінші кезекте құрамында клетчаткасы мол өнімдер, мысалы, сұлы жармасы, бұршақ, жасымық, алма, банан, дәнді нан жегені дұрыс. Бұған қоса, сүттен жасалған өнімдер – йогурт, кефир, сүзбе, сондай-ақ балық, теңіз өнімдері, майы аз еттер мен жаңадан сығылған шырындарды қолданған пайдалы. Салмақ тастау үшін тамақты жақсылап шайнап жеп, жатар кезде көп тамақ жемей, ұйқының мөлшерін қалыптастырған жөн. Сондай-ақ тамақтану тәртібін үнемі бақылауда ұстау өте маңызды.

— Тамақтанудың бұзылысынан болатын аурулар қандай?

— Дұрыс тамақтанбаудың салдары балалық шақта да, ересек өмірде де пайда болуы мүмкін. Балалық шақта ақуыздың, дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігі баланың дамуы мен өсуіне кедергі жасайды, иммунитетті түсіріп, ішкі ағзалардың жұмысын нашарлатады.

Ал ересектерге келсек, қазір көп адам дұрыс тамақтанбау салдарынан семіздік, қант диабеті, жүректің ишемиялық аурулары, инсульт, атеросклероз бен гипертония, асқазан-ішек жолдарының түрлі аурулары, соның ішінде гастрит, асқазан және он екі елі ішек аурулары, өт жолдарының дискинезиясы, холецистит сияқты аурулармен көп ауырады. Соңғы кезде осындай аурулар елімізде көбейіп барады. Сол үшін қандай жағдай болса да, аурудың алдын алып, денсаулықты күткен абзал.

  • Әңгімеңізге рақмет!
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы