Бүгiн 2026, 07:45 Фото: ©BAQ.KZ коллаж

Қазақстандықтар Илон Маск пен SpaceX акцияларынан табыс таба ала ма?

Сарапшылар SpaceX акциялары жоғары табыс әкелуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда олар бұл инвестицияның тәуекелі де аз емес екенін ескертеді.

Әлемдегі ең қымбат жеке технологиялық компаниялардың бірі саналатын SpaceX-тің IPO-ға шығуы жаһандық қаржы нарығындағы ең маңызды оқиғалардың біріне айналуы мүмкін. Илон Масктың компаниясы ашық нарыққа шыққан жағдайда қазақстандық инвесторлар үшін қандай мүмкіндік туады және қандай тәуекелдер бар? BAQ.KZ тілшісі саралап көрді.

Қазақстандықтар SpaceX акцияларын сатып ала ала ма?

SpaceX-тің ықтимал IPO-сы туралы әңгіме әлемдік нарықта қызу талқыланып жатыр. Компанияның аты ғана емес, оның негізін қалаушы Илон Масктың беделі де инвесторлардың қызығушылығын арттырып отыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда Қазақстан азаматтарының да халықаралық нарыққа шығып, компания акцияларын сатып алуына мүмкіндік болады.

«R-Finance» микроқаржы ұйымының қаржы кеңесшісі, экономист Арман Байғановтың айтуынша, қазақстандық инвесторлар үшін мұндай мүмкіндік бұрыннан бар.

Әрине, табыс табуға болады. Тек бізде бұл акциялар тікелей сатылмайды. Оларды америкалық немесе еуропалық халықаралық брокерлік компаниялар арқылы сатып алуға мүмкіндік бар. IPO-дан кейін акциялар белсенді саудаланып жатыр. Қазірдің өзінде олардың бағасы ең жоғары кезеңінде 40-50 пайызға дейін өсті. Бірақ дәл сол сияқты тез арзандап кетуі де мүмкін. Тәуекел әрдайым жоғары. Бұл – жоғары технологиялық компания, сондықтан кез келген жағымсыз жаңалық немесе қауесет акция бағасына әсер етуі ықтимал. Дегенмен әзірге акциялардың өсу динамикасына қарасақ, компанияның жағдайы оң бағаланып отыр. Біріншіден, компанияның имиджі мен танымалдығы жоғары. Екіншіден, АҚШ Қорғаныс министрлігі тарапынан мемлекеттік тапсырыстармен қамтамасыз етілген. Жалпы, өз саласында монополияға жақын компания деуге болады. Өсу әлеуеті бар, бірақ акцияларының бағасы шамадан тыс жоғары бағаланған болуы да мүмкін, – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, инвесторлар ең алдымен жоғары табысқа емес, жоғары тәуекелге дайын болуы керек.

Нарық бүгінгі табысқа емес, ертеңгі әлеуетке қарайды

Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, қазіргі жағдайда SpaceX-тің негізгі құндылығы оның бүгінгі қаржылық нәтижесінде емес, болашақтағы нарықтық орнында жатыр.

SpaceX компаниясы ІРО-ға шықты. Нарықта капитализация жасаған әлемдегі ең бірінші триллионер Илон Масктың акция Nacdaq-қа шықты, яғни Америка нарығында. Біздің инвесторлар АҚШ-тың нарығына брокерлік компаниялар арқылы шығуға толық мүмкіндіктері бар. Қазақстандықтар да SpaceX акцияларын сатып алып жатыр деп ойлаймын. Тәуекел баяғыдай, Меta немесе басқа компаниялардыкіндей болады. Nvidia-ның акцияларындағы тәуекелмен бірдей. Бірақ SpaceX пайда алып келіп жатқан компания емес. Оның шығындары үлкен. ІРО-ға шығып, акцияларға инвесторлардың таласуы – ол жаңа белгілі бір сигналды білдіреді. Бізге ең бастысы компанияның қанша ақша тапқаны емес, болашақта нарықтан қандай орын алатыны, оның құны қаншалықты болатыны маңызды, – дейді Айбар Олжай.

Бұл пікірді көптеген халықаралық инвесторлардың ұстанымымен байланыстыруға болады. Өйткені технологиялық секторда компанияның бүгінгі табысынан бұрын оның болашақтағы ықпалы мен нарықтағы орнына көбірек мән беріледі.

SpaceX-тің ең үлкен артықшылығы неде?

Экономист Бауыржан Ысқақ SpaceX IPO-сын соңғы жылдардағы ең маңызды инвестициялық оқиғалардың бірі деп есептейді.

SpaceX компаниясының ІРО-ға шығуы – осы жылдардағы ең ірі инвестициялық компанияға айналады деп ойлаймын. Қазіргі таңда компанияның өзінің бағалануы жүздеген миллиард доллармен өлшеніп отыр. Бұл әлемдегі ең қымбат жеке технологиялық компаниялардың қатарында. Жалпы, ІРО-ның маңыздылығы бірнеше маңызды факторларға байланысты екендігі белгілі. Яғни нарық инвестицияның тартымдылығын жаңа деңгейге көтереді. Жасанды интеллект пен ғарыш технологияларының тоғысқан жаңа секторлық капитал ағынын күшейтеді. Көптеген инвесторлар алғаш рет SpaceX акцияларын еркін сату мүмкіндігіне ие болады. Инвестициялық компанияның тағы бір ерекше жобасы – Starlink бизнесінің нарықтық құнына жеке бағалануы мүмкін, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, IPO қазақстандық инвесторларға да жаңа мүмкіндіктер ашады.

ІРО-мен бірге қазақстандық инвесторларға бірнеше мүмкіндіктер пайда болуы мүмкін. Қазақстан брокерлік компаниялар арқылы инвестор ретінде нарыққа шыға алады. Жалпы, халықаралық брокерлік платформалар арқылы инвестициялау, кейбір инвестициялық қорлар арқылы немесе басқа да жанама көздер арқылы қатысуға мүмкіндік алады. Дегенмен алғашқы ІРО кезеңінде акциялардың негізгі бөлігі ірі институционалдық инвесторларға бөлінеді. Инвесторлар көбінесе акцияларды екінші нарықтан сатып алады. Қазақстандағы инвесторлар үшін негізгі кедергілер – валюталық тәуекелдер, АҚШ нарығының жоғары құбылмалылығы, салықтық есептіліктің ерекшеліктері мен ІРО кезеңіндегі жоғары баға, – дейді Бауыржан Ысқақ.

Инвесторлар нені ескеруі керек?

Сарапшының сөзінше, SpaceX акцияларын сатып алғысы келетіндер бірнеше маңызды тәуекелді назардан шығармауға тиіс.

Әрине, ең бірінші тәуекел – ол жоғары бағалануы. Көптеген инвесторлар болашақ компанияның болашақ әлеуетін алдын ала бағаға енгізіп қоюы мүмкін. Мұндай жағдайда акциялардың өсу әлеуеті шектеледі.

Екіншіден, технологиялық тәуекел. Ғарыш саласы – өте күрделі. Зымырандардың апатқа ұшырауы, жаңа жобалардың кешігуі немесе техникалық мәселелер акция бағасына әсер етуі мүмкін.

Үшінші тәуекел – мемлекеттік тапсырысқа тәуелділігі. Компания кірісінің бір бөлігі мемлекеттің ғарыш бағдарламалары мен қорғаныс келісімшарттарына байланысты.

Төртінші тәуекел – реттеушілік орта. Ғарыш қызметі ұлттық қауіпсіздік пен халықаралық қауіпсіздікке тікелей байланысты сала болғандықтан жаңа шектеулер бизнеске әсер етуі мүмкін.

Бесінші тәуекел – Илон Масктың өзінің факторы. Компанияның имиджі мен инвесторлардың сенімі көп жағдайда Масктың тұлғасымен байланысты. Оның мәлімдемелері немесе басқа жобалары акция бағасына жанама әсер етуі мүмкін, – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, инвесторлар шешім қабылдағанда тұлғаға емес, нақты қаржылық көрсеткіштерге сүйенуі керек.

Инвесторлар үшін ең маңызды – бұл тұлға емес, қаржы сапасы. Негізгі көрсеткіштер: түсімнің өсу қарқыны, компанияның жыл сайын қаншалықты өсіп жатқандығы, операциялық маржа, яғни әрбір доллар табыстан қанша пайда алып отыр, қаншалықты рентабельді, компания өз қаражаты есебінен қаржыландыра ала ма немесе сыртқы капитал тарта ма деген сынды факторлар.

  • Қаржы деңгейі немесе қарыздың көлеміне байланысты қаржының құбылмалылығы, қарызды өтеу қабілеті;
  • Starlink абоненттерінің саны мен құны;

Көптеген сарапшының пікірінше, болашақта тұрақты ақша ағыны дәл Starlink арқылы қалыптасады. Сондықтан абоненттердің саны, түсетін орташа табыс маңызды.

Компанияның нарықтық кірістермен салыстырғанда тым жоғары болса, инвесторлар болашақта өте үлкен өсімге бәс тігіп отырғандығын білдіреді. Жалпы, қорытындылай келе, SpaceХ-тің ІРО-сы жаһандық нарықтағы ең маңызды оқиғалардың бірі. Бірақ инвесторлар Илон Масктың беделіне емес, компанияның қаржылық нарықтағы нақты ақша ағымына, Starlink-тің тұрақтылығы мен қаржылық нәтижелеріне сүйенгені жөн», – дейді экономист.

Сарапшылардың пікірлері әртүрлі болғанымен, барлығы бір мәселеде келіседі: SpaceX акциялары инвесторларға үлкен мүмкіндік ұсынуы мүмкін. Бірақ жоғары табысқа үміт артқан адам жоғары тәуекелге де дайын болуы керек.