17 Қараша 2026, 10:23

Гарвардтан Қазақстанға: Студенттер деканмен бірге мемлекеттік басқарудағы ЖИ болашағын талқылады

АҚШ-та білім алып жатқан қазақстандық студенттер Гарвард университетінің мемлекеттік басқару мектебінің деканы Джереми Вайнштейнмен кездесіп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы академиялық ынтымақтастықты дамыту және мемлекеттік секторды цифрландыру мәселелерін талқылады. Кездесуде жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға жауапкершілікпен енгізу мәселесіне де ерекше назар аударылды.

2026 жылғы 16 қарашада АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Кембридж қаласында Гарвард университетінде білім алып жатқан қазақстандық студенттер Harvard Kennedy School (HKS) деканы, профессор Джереми Вайнштейнмен кездесті.

Кездесуге Mid-Career Master in Public Administration (MC/MPA) магистратура бағдарламасында оқитын Айнұр Тұқымова, Ардақ Қожатаева, Ержан Әбіш және Айдар Аққазынов қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – Қазақстан мен АҚШ арасындағы академиялық байланысты нығайту, мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибе алмасу және заманауи технологияларды мемлекеттік секторға енгізу мүмкіндіктерін талқылау.

Цифрлық мемлекет: жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен жауапкершілігі

Кездесу барысында Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, цифрлық мемлекеттік платформаларды дамыту және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру бағытындағы тәжірибесіне басымдық берілді.

Бүгінде цифрлық технологиялар мемлекеттік басқару жүйесінің жұмыс істеу тәсілін өзгертіп келеді. Мұндай жағдайда мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырумен қатар, басқару шешімдерінің сапасы мен тиімділігін қамтамасыз ету де маңызды.

Осы тұрғыда қатысушылар мемлекеттік басқаруға жасанды интеллектіні енгізу перспективаларын талқылады. Әсіресе технологияларды қолдану кезінде алгоритмдердің ашықтығын сақтау, дербес деректерді қорғау және мемлекеттік институттардың қоғам алдындағы есептілігін қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.

Сонымен қатар деректерге негізделген шешімдер қабылдау арқылы мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Технологиялық дәуірдегі жаңа буын көшбасшылары

Кездесудің тағы бір маңызды тақырыбы Harvard Kennedy School деканы Джереми Вайнштейн ілгерілетіп жүрген Triple Fluency тұжырымдамасы болды.

Бұл бастама технологиялық өзгерістер қарқынды жүріп жатқан кезеңде мемлекеттік басқару саласына қажетті жаңа құзыреттерді меңгерген көшбасшыларды даярлауға бағытталған.

Аталған тұжырымдаманың өзектілігі де осында. Өйткені қазіргі мемлекеттік басқару мамандары дәстүрлі басқару дағдыларымен шектелмей, технологиялық өзгерістерді түсініп, оларды қоғамдық мүдде мен мемлекеттік институттардың тиімділігіне сай қолдана білуі қажет.

Бұл ретте жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізу тек техникалық жаңғырту емес, басқару мәдениетін жетілдірудің де бір бағыты ретінде қарастырылды.

Қазақстан мен Гарвард: академиялық байланысты нығайтудың жаңа мүмкіндіктері

Кездесу аясында Қазақстан мен Гарвард университеті арасындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары да сөз болды.

Атап айтқанда, академиялық алмасуларды дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, сарапшылық байланыстарды нығайту және қазақстандық студенттер мен мемлекеттік сектор мамандарына қолдау көрсету мәселелері талқыланды.

Қатысушылар Қазақстанның Орталық Азиядағы цифрлық трансформация үдерісіндегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік басқару саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін академиялық орта мен мемлекеттік институттар арасындағы байланысты күшейтудің маңыздылығына тоқталды.

Жалпы, мұндай кездесулердің маңызы – халықаралық академиялық тәжірибені Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін дамыту міндеттерімен ұштастыруға мүмкіндік беруінде. Әсіресе цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану мәселелері күн тәртібіне шыққан кезеңде білім беру ұйымдары мен мемлекеттік сектор арасындағы кәсіби байланыстың маңызы арта түседі.

Кездесу тәжірибе алмасуға, ортақ басымдықтарды айқындауға және мемлекеттік басқару, білім беру мен жаңа технологиялар салаларындағы болашақ ынтымақтастық бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді.

Анықтама: Harvard Kennedy School – Гарвард университетінің мемлекеттік басқару және мемлекеттік саясат саласындағы жетекші мектебі. Ол мемлекеттік саясатты зерттеу, көшбасшылар даярлау және жаһандық мәселелердің шешімдерін іздеумен айналысады.