Гарвард түлектері Сенат Аппаратының қызметкерлеріне арнап тренинг өткізді
Гарвард түлектері Сенат Аппаратының қызметкерлеріне арнап тренинг өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Гарвард университетінің қазақстандық түлектері Гарвард университетінің оқытушылары әзірлеген әдістемеге негізделген «Келіссөз жүргізу негіздері» тақырыбы бойынша тренинг өткізді.
Тренинг нәтижелі келіссөз жүргізудің негізгі дағдыларын дамытуды көздейді. Ол өзара тиімді іс-қимыл мен жанжалды жағдайды шешу аясында білім және іс жүзіндегі дағдыларды тереңдету мақсатында өтіп отыр. Қатысушылар шара барысында келіссөз процесіне қолайлы жағдай жасаудың негізгі тәсілдерімен танысты және өзара тиімді мәмілелер жасау мен келіссөз жүргізу әдістерін әзірлеу тәсілдерін зерделеді.
Дәріскер Нұркен Ормантаев Гарвард мектебінің тартымды тәжірибесі туралы қатысушыларға айта келіп, келіссөз процесінің озық әдістеріне тоқталды. Келіссөз өнері тек стратегиялық көзқарасты ғана емес, сонымен қатар тыңдау, екі жақтың мүдделерін ескеру және барлық қатысушыларға оңтайлы шешімді табу қабілетін талап ететіні туралы айтылды.
Тренингте теориялық дәрістер, тәжірибелік тапсырмалар және айтулы оқиғаларды зерттеу қамтылды. Ол тыңдаушыларға келіссөздердің негізгі ұстанымдарын меңгеріп қана қоймай, алған білімдерін кәсіби тәжірибеге жақын нақты жұмыс барысында қолдануға мүмкіндік берді.
Гарвардтың қазақстандық түлектерінің қауымдастығы еліміздегі мемлекеттік және бизнес-басшылардың біліктілігін арттыруға және тәжірибе алмасуға бағытталған жұмысын жалғастырып келеді. Болашақта қазіргі заманғы мемлекеттік және корпоративтік саясаттың өзекті мәселелеріне арналған жаңа білім беру шараларын өткізу жоспарланып отыр.