Гарвард ғалымы Орталық Азия тарихының Батыста неге маңызды бола бастағанын айтты
Орталық Азия халықтарының тарихы мен дала өркениетіне Батыс елдерінде қызығушылық артып келеді. Гарвард университетінің Шығыс Азия тілдері мен өркениеттері факультетінің PhD докторанты Уильям Джулиан өңірдің тарихи мұрасы әлем үшін маңызды екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Уильям Джулиан осы семестрде Алматыда шақырылған ғалым ретінде жұмыс істеп жүр. Ол Қазақстанның Ғылым академиясында өткен конференцияға да қатысқан. Ғалымның айтуынша, дала мәдениеті мен өркениетін зерттеуге арналған ғылыми бастамалар Орталық Азия тарихын тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Мен мұнда Алматыда осы семестрде шақырылған ғалым ретінде жүрмін. Қазақстанның Ғылым академиясында өтіп жатқан конгреске қатысып жатқаныма қуаныштымын. Академияда дала мәдениеті мен өркениетіне арналған бағдарламаның жүзеге асатыны туралы естіп, қатты қуандым. Бұл мен үшін жай ғана тақырып емес. Ол Орталық Азияда тарих бойы өмір сүрген және қазір тұрып жатқан халықтар үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін өте маңызды, - деді ол.
Ғалым дала өркениетін әлемдегі негізгі мәдениеттердің бірі деп санайды. Оның пікірінше, Батыс елдері Орталық Азия халықтарының тарихын бұрынғыдан жақсырақ танып, өңірдің тарихи мұрасына көбірек мән бере бастаған.
Дала өркениеті - әлемдегі басты мәдениеттердің бірі. Батыста біз қазір оны жоғары бағалаймыз, сонымен қатар осы өркениет туралы көбірек біле бастадық. Әсіресе Орталық Азия халықтарының тарихы қаншалықты терең әрі бай екенін түсініп келеміз. Бір-бірімізден үйренуіміз өте маңызды. Адамдардың бұл өңірде қалай өмір сүргенін, экономикалық тұрғыдан қалай тіршілік еткенін білуіміз керек. Мен мұндай бастамаларды жоғары бағалаймын және қолдаймын, - деді Уильям Джулиан.
Гарвардта ғалымдарға зерттеу тақырыбын таңдауға еркіндік берілген
Сұхбат барысында Уильям Джулианнан Гарвард университетінде жас ғалымдар қандай ғылыми бағыттарға басымдық беретінін сұрадық. Оның айтуынша, бұл сұраққа бір ғана бағытты атап жауап беру қиын. Себебі университеттің өзі жұмыс істейтін факультетінде жүзден астам зерттеуші бар, ал Гарвардта мұндай факультеттер көп.
Бұл өте ауқымды сұрақ. Гарвардта, шамамен менің факультетімнің өзінде жүзден астам зерттеуші бар. Ал бұл - көптеген факультеттің біреуі ғана. Сондықтан қысқаша жауап беру қиын, өйткені әр зерттеушінің өз тақырыбы бар, - деді ол.
Сонымен қатар докторант АҚШ-тағы ғылыми ортаның басты ерекшеліктерінің бірі ретінде зерттеу тақырыбын еркін таңдауға мүмкіндік берілетінін атап өтті.
Америкада мен ерекше бағалайтын нәрсе - біз өзіміз қалаған тақырыпты зерттей аламыз. Бұл тұрғыда шектеу жоқ. Кейбір адамдарға белгілі бір тақырыпты не үшін зерттейтініңіз оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ меніңше, ғылымдағы ең маңызды нәрсе - осы. Біз тәуекелге барып, өзгеше зерттеулер жүргізе аламыз. Әрине, оның бәрі бірдей сәтті болмауы мүмкін. Дегенмен әр адамның өзіне қызықты көрінетін материалдар мен тақырыптарды зерттей алуы өте маңызды, - деді Гарвард докторанты.
Оның сөзінше, Гарвардта екі мыңнан астам зерттеуші бар. Сондықтан әр ғалымның өз ғылыми бағыты мен зерттеу тақырыбы қалыптасқан.