Ғани Бейсенбаев: Оқулық баланы уыздандыратын құрал
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы «Оқулық» РҒПО мен С.Демирель атындағы университет бірлесіп өткізген «Заманауи оқулық және білім беру құндылықтары» атты республикалық ғылыми конференцияда «Оқулық» орталығы директоры Ғ.Бейсембаев мәлімдеді.
Сүйіншілейтін бірегей жаңалығымыз – ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы № 821 қаулысына сәйкес «Оқулық» орталығының мәртебесі мен атауы қайта құру жолымен «Республикалық ғылыми-практикалық білім беру мазмұнын сараптау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорыны болып өзгерді және заңнамада белгіленген тәртіппен орындау сатысында тұр. Осының аясында бүгінгі таңда Орталықтың вертикальды және горизонтальды құрылымын қайта түзіп, жаңа департаменттер мен басқармалар, бөлімдер құру, қызметкерлердің қызмет құзыреті мен жұмыс ережелерін бекіту, ребрендинг, материалдық-техникалық базасын қайта қалыптау сынды жұмыстар қолға алынуда, - деп атап өтті Ғ.Бейсембаев.
Оның айтуынша, орталықтың алдына жаңа міндеттер қойылып отыр, жұмыс ауқымы кеңейе түсті. Ендігі басты мұрат – білім мазмұнының мемлекеттік мүддеге, ұлттық құндылықтарымызға, ал оқулықтарымыздың қазіргі жоғары талаптарға сай болуы мен олардан қазақ рухының есіп тұруын қамтамасыз ету.
Бұл мақсатқа жету дегеніміз – Тәуелсіздігімізді нығайту, мемлекетімізді жасампаз ету, бабаларымыздың ұлы арманы – шынайы Мәңгілік ел болу деген сөз. Ол үшін өзгелермен экономикалық қана емес, білім мен ғылымда да тең терезелі тығыз қарым-қатынаста болуымыз керектігі айқын. Ал ол үшін жастар білімді болуы керек. Білімді жастардың сапалы оқулықтардан өсіп шығатынын ескерсек, бізге ұлт тағдыры байланып тұр. Өйткені, оқулық баланы уыздандыратын құрал. Ал уыздың не екені белгілі, - деп ойын жалғады директор.
Үш жарым миллион оқушының болашағын қалыптаушылар ретіндегі негізгі жауапкершілік осы процеске тартылған кәсіби ортаның мойынында екені анық.
Сондықтан да, бүгінгі таңда барынша байыптылықпен, аталарымыз өсиеттегендей, «Келешек қамы үшiн жоба тауып, жол көрсететін» кез келді. Ел мүддесі үшін оқулықтар әзірлеуде асқан қырағылыққа шақыру, кітаптардың отандық контент пен төл өмірлік қағидаттармен байытылуын қамти білу – «Оқулық» орталығы үшін басты ұстаным, - деп тұжырды сөзінің соңын «Оқулық» РҒПО басшысы.
Айта кетейік, аталмыш шара орталықтың 15 жылдық мерейтойына орайластырылған. Іс-шараның басты мақсаты заманауи оқулықтардағы білім беру құндылықтарына, оқу әдебиеттерінің тіліне, мәтіндік және мәтіннен тыс аппаратына қойылатын талаптар бойынша өзекті мәселелерді талқылау.
Жиынға ҚР Білім және ғылым министрлігі мен оның бағынысты ұйымдарының, жоғары, техникалық және кәсіби, орта білім беру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру ұйымдарының қызметкерлері, білім беру ресурстарын әзірлеуші баспа мен ғылыми ұйым өкілдері, оқу әдебиеттерінің авторлары мен сарапшылары қатысты