Ғалымжан Ниязов жыл басынан бері Маңғыстау облысында қанша мал қырылғанын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен «Маңғыстау облысының фермерлеріне көрсетілген көмек туралы және қысқы жемді жинау барысы туралы» брифингте айтылды.
Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов айтуынша, Маңғыстау облысында 639 мың төрт-түлік мал басы бар. Бұл өткен жылғы тамыз айымен салыстырғанда 3,5 мың басқа төмен.
Шөппен қамтамасыз етуге қайтарымды қаражат ретінде «Каспий» ӘКК-на аудан және қала әкімдіктерінің ұсынуымен операторлар арқылы 150 млн теңгеге шөп тасылып сатылуда. Маңғыстауда сәуір айынан бастап бүгінге дейін дайындалған жемнің көлемі – 23629 тоннаны құрайды. Маңғыстау облыс бойынша 1 197 шаруа қожалығының мал азығының қорында 987,5 тонна шөп 5582 тонна жем бар. Маңғыстауда 26 381 (66 пайыз) мал басы АШЖБ дерекқорына тіркелді, -дейді ол.
Оның мәлімдеуінше, жыл басынан бері 1163 бас мал өлігі акттеліп биометриялық шұңқырларға көмілген.
Маңғыстау облысында 5 мыңдай мал басы қырылды деген жалған ақпарат жүр. Сәуірде әр ауылдың жанынан биотермиялық шұңқыр қазып, 1 163 өлген малды көмдік. 1 163 малдың тек 194-і ғана тіркелген. Қалған малдың иесі жоқ, иесі кім екені де белгісіз. Мал өліміне қатысты 7 азаматтан ғана арыз түсті, - дейді облыс әкімінің орынбасары орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.