Ғалымдар "Спутник V" вакцинасының қаншалықты тиімді екенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейлік ғалымдар "Спутник V" екпесі сынақтың үшінші кезеңінен кейін 92 пайыз тиімділік көрсеткенін мәлімдеді. Сынақ қорытындысы 2 ақпанда халықаралық The Lancet журналында жарияланды.

Журналдағы зерттеу қорытындысында бұл екпенің қауіпсіз екені және өлім мен ауыр дерттен сақтайтыны жазылған.

Азаттықтың мәліметіне қарағанда, Ресей билігі тамызда "Спутник V" екпесі сынақтың үшінші кезеңінен өтпей жатып, қолдануға рұқсат берген еді. Сол кезде батыс ғалымдары бұл екпенің тиімділігіне күмән келтірген.

Бірақ ғалымдар қазір "Спутник V" екпесінің пайдасы дәлелденді деп мәлімдеді.

Зерттеу нәтижесі таза. Коронавирус індетімен күреске тағы бір вакцина қосылды - деп жазды британиялық ғалымдар Иэн Джонс пен Полли Рой.

Ресейлік екпе сынақтың үш кезеңінен өтіп, тиімділігін дәлелдеген бес вакцинаның қатарын енді. Бұған дейін Pfizer, Oxford/AstraZeneca, Moderna және Janssen екпесі үшінші сынақ кезеңінен кейін коронавируспен күресе алатынын көрсеткен.

The Lancet журналының жазуынша, сынаққа 19866 ерікті қатысқан. Оның ширекгі плацебо, қалғаны екпені алған. Вакцина салдырған еріктілердің 16-сына, плацебо салдырғандардың 62-сынан вирус жұққан.

Қазақстан 2 ақпаннан бастап ресейлік "Спутник V" екпесін сала бастаған. Бұл екпе қазір Ресей мен Қазақстаннан бөлек Аргентина, Венгрия, Венесуэла, БАӘ, Түркіменстан, Иранда да салынып жатыр.

"Спутник V" екпесі екі дозадан тұрады. Екінші дозаны 21 күннен кейін салу керек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы