Ғалымдар ми обырын несеп талдауы арқылы анықтауды ойлап тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жапон ғалымдары ми және жұлын обырын аурудың ерте сатысында несеп талдауы арқылы жүз пайыздық дәлдікпен анықтауды үйренді. Бұл туралы Applied Materials & Interfaces журналында жарияланған зерттеулер арқылы белгілі болды, деп жазды lenta.ru. 

Жапониядағы Нагоя университетінің ғалымдары несеп талдауы арқылы орталық жүйке жүйесінің ісігін аурудың бастапқы кезеңдерінде диагностикалауға мүмкіндік беретін технология ойлап шығарған. Олар организмде қатерлі ісік болған жағдайда оның обыр жасушалары микроРНҚ өндіре бастайтынын байқаған. Осылайша, ғалымдар осы микроРНҚ-ны ісіктің биомаркері ретінде қолдануды үйренді. Ол үшін мырыш тотығының 100 миллион наносымдарынан тұратын жаңа құрылғы жасалды. 

Бұл технологияның басты ерекшелігі – ол ми обырын аурудың еш белгілері болмаған кездің өзінде ісіктің мөлшері мен аурудың сатысына қарамастан айқындауға мүмкіндік береді. 

Құрылғыны дені сау адамдар мен онкоауруға шалдыққан жандардың несеп үлгілеріне сынақтан өткізген. Зерттеу нәтижелері 100 пайыздық дәлдікті көрсетті. Ғалымдар жаңа әдісті клиникалық практикаға енгіземіз деп үміттеніп отыр. Себебі ми обырын несеп талдауының көмегімен диагностикалау қымбат жабдықты да, күрделі манипуляцияны да қажет етпейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы