Ғалымдар майды кетіретін қарапайым тәсіл тапты – зерттеу
Ғалымдар май жағу процесін белсендіре түсетін жол тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Endocrinology and Metabolism журналына сілтеме жасап.
Зерттеу нәтижесінде FGF19 ақуыздың ағзадағы зат алмасу процесін күшейтіп, артық салмақты азайтуға ықпал ететіні анықталған.
Ғалымдар артық салмағы бар зертханалық тышқандардың гипоталамусына (мидың белгілі бір бөлігі) FGF19 ақуызын енгізіп, бақылау жүргізген. Тәжірибе барысында кеміргіштер аз салмақ қоса бастаған, қант пен инсулин деңгейін бақылау жақсарған.
FGF19 әсерінің негізгі тетігі – симпатикалық жүйке жүйесінің белсенуі. Егер бұл жүйенің жұмысы тежелсе, ақуыздың әсері де жойылады. Яғни, бұл ақуыз зат алмасуға орталық жүйке жүйесі арқылы әсер етеді деген сөз. Ол ағзаның табиғи энергия жұмсау және жылу бөлу механизмдерін белсендіріп, артық майдың жиналуына жол бермейді.
Ғалымдар бұл жаңалық семіздік пен метаболикалық ауруларды емдеудің жаңа жолына негіз болатынын айтады. Ерекшелігі – бұл жол тәбетті басып емес, нейрометаболикалық жүйені дәл баптау арқылы май жағу процесін күшейтуге бағытталған.