8 Тамыз 2026, 05:20 Фото: depositphotos.com

Ғалымдар «климаттық әткеншек» құбылысы туралы ескертті

Ғалымдардың айтуынша, өнеркәсіпке дейінгі кезеңмен салыстырғанда жаһандық орташа температура 2-4°C-қа көтерілген жағдайда, бірнеше айға созылатын аптап ыстық пен құрғақшылық кезеңдері нөсер жауынмен жиі алмасуы ықтимал.

Шығыс Англия университетінің ғалымдары жаһандық жылыну салдарынан құрғақшылық пен су тасқынының бірінен кейін бірі жиілей түсуі мүмкін екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері Earth’s Future журналында жарияланған.

Ғалымдардың айтуынша, өнеркәсіпке дейінгі кезеңмен салыстырғанда жаһандық орташа температура 2-4°C-қа көтерілген жағдайда, бірнеше айға созылатын аптап ыстық пен құрғақшылық кезеңдері нөсер жауынмен жиі алмасуы ықтимал.

Зерттеушілер мұндай климаттық құбылыстардың су ресурстарын басқару жүйелеріне түсетін жүктемені арттыратынын атап өтті. Бұған дейін белгілі бір табиғи қауіпке ғана бейімделіп жобаланған инфрақұрылым құрғақшылық пен су тасқынының кезектесуіне дайын болмауы мүмкін.

Құрғақшылықтан кейін неге су тасқыны болуы мүмкін?

Ұзақ уақытқа созылған ыстық пен құрғақшылық топырақтың кебуіне, жер асты сулары деңгейінің төмендеуіне және топырақтың суды сіңіру қабілетінің әлсіреуіне әкеледі.

Осыдан кейін қатты жаңбыр жауған кезде су топыраққа сіңбей, жер бетімен жылдам ағып кетеді. Бұл су тасқынына, топырақ эрозиясына және су айдындарының ластануына себеп болуы мүмкін.

Ал аптап ыстық қайта оралғанда, жиналған ылғал тез буланып, аймақ қайтадан құрғақшылыққа ұшырайды.

Ғалымдар құрғақшылық пен су тасқынының осындай жылдам алмасуын «гидроклиматтық қамшы» немесе «климаттық әткеншек» деп атайды.

Зерттеу авторлары су ресурстарын басқару жүйелерін климаттың жаңа жағдайларына бейімдеп, бір мезетте әрі құрғақшылыққа, әрі су тасқынына төтеп бере алатындай етіп қайта қарау қажет екенін атап өтті.

Олардың пікірінше, климаттың мұндай құбылмалылығы алдағы жылдары адамзат үшін маңызды мәселелердің біріне айналуы мүмкін.