Ғалымдар грантты толық пайдалана алмай жүр: Депутат ғылыми жобаларды бес жыл қаржыландыруды ұсынды
Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова іргелі ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға ұзартуды және 2027 жылдан бастап 60 айлық гранттық конкурстар өткізуді ұсынды. Бұл туралы ол Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қаржы министрі Мәди Такиевке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды қаржыландыру мерзімін үш жылдан бес жылға ұзарту қажеттігін көтерген. Бұл бастама заңнамалық тұрғыдан қолдау тауып, тиісті норма 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген. Кейін ол 2024 жылғы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның 34-бабында да бекітілді.
Алайда Лаура Қарабасованың сөзінше, негізгі гранттық конкурстар әлі де үш жылдық циклмен өткізіліп келеді. Оның үстіне, конкурстық рәсімдердің кемінде 100 күнге кешігуі салдарынан ғалымдар зерттеу жұмыстарын толық үш жыл бойы жүргізе алмайды.
Нәтижесінде зерттеудің нақты мерзімі қысқарып, көп жағдайда екі-екі жарым жыл ғана қалады. Бұл – жай ғана әкімшілік кідіріс емес, зерттеудің қарқыны мен нәтижелілігіне тікелей әсер ететін фактор, – деді депутат.
Оның айтуынша, бұл мәселе әсіресе биомедицина, ауыл шаруашылығы, экология және климатология салаларындағы зерттеулер үшін өзекті. Себебі мұндай ғылыми жұмыстар ұзақ мерзімді бақылауды және бірнеше маусымдық циклді қажет етеді.
Депутат 2026 жылғы 24 маусымда заңнамаға енгізілген өзгерістерге де назар аударды. Оның айтуынша, жаңа норма ғылыми жобаның мерзімін шарт жасалған күннен бастап есептеуді бекіткен. Осыған байланысты конкурстық рәсімдердің кешігуі зерттеу мерзімін қысқартуға негіз болмауға тиіс.
Лаура Қарабасова бес жылдық ғылыми жобаларды қаржыландыруға қажетті қаражатты кейінгі бюджеттік кезеңдерде жоспарлауға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Сондықтан оның пікірінше, мәселені шешу үшін қосымша заңнамалық өзгерістерден гөрі нақты басқарушылық шешімдер қажет.
Осыған байланысты депутат министрліктерге төрт ұсыныс жасады:
• 2027 жылдан бастап іргелі ғылыми жобалар бойынша 60 айлық гранттық қаржыландыру конкурстарын өткізу;
• іргелі ғылымды қаржыландырудың негізгі моделі ретінде бес жылдық мерзімді енгізіп, жобалардың толық жоспары мен қаржыландыру көлемін бекіту;
• жобалардың төртінші және бесінші жылдарына қажетті шығыстарды кейінгі бюджеттік кезеңдерде алдын ала жоспарлау тетігін енгізу;
• іргелі және қолданбалы зерттеулерге арналған гранттық конкурстарды бөлек ұйымдастыру.
Депутаттың пікірінше, ғылыми жобаларды ұзақ мерзімге қаржыландыру зерттеулердің сапасын арттырып, ғалымдарға тұрақты жұмыс істеуге және ғылыми нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.