Ғалымдар ғарыштан Жер мен Айдың тылсым суреттерін көрсетті
NASA 2023 жылдың қазан айында бай металлды Психея астероидына қарай ұшырған Psyche аппараты ғарыштың тереңінен Жер мен Айдың сирек суретін түсірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Зонд оларды бізден шамамен 290 миллион шақырым қашықтықтан бейнелеген.
Phys.org дерегінше, шілде айында миссия тобы аппараттың камераларын сынақтан өткізіп, олардың Күн сәулесін шағылыстыратын нысандарды түсіруге қабілетін тексерген. Сынақ нысаны ретінде біздің планета таңдалды. Суретте Жер Тоқты шоқжұлдызының аясында көзге әрең шалынатын кішкентай нүкте болып көрінеді. Оның сәл жоғары жағында көмескілеу Ай да байқалады.
Бұл кадр адамзат тарихындағы әйгілі «Бозғылт көк нүкте» (Pale Blue Dot) суретін еске түсіреді. 1990 жылы «Вояджер-1» аппараты Жерді 6 миллиард шақырымнан түсіріп, планетамыздың ғаламдағы әлсіздігі мен қымбаттылығын паш еткен еді. Psyche аппараты әлдеқайда жақын қашықтықта болса да, әсері сондай – шексіз ғарыштағы Жердің нәзіктігін айқын сездіреді.
Миссияның басты міндеті – Марс пен Юпитер орбиталары арасында орналасқан Психея астероидын зерттеу. Ғалымдар бұл нысан ежелгі протопланетаның жалаңаш ядросы болуы мүмкін деп болжайды. Яғни ол – Күн жүйесіндегі планеталардың қалай қалыптасқанын түсінуге жол ашатын құнды «құрылыс тасы».
Астероидтың диаметрі шамамен 280 шақырымды құрайды, ол негізгі астероидтық белдеудің сыртқы бөлігінде айналып жүр. Psyche аппараты алдымен 3,54 миллиард шақырымдық сапарды еңсеріп, 2029 жылдың шілдесінде мақсатты нысанға жетуі тиіс.
Зондтың камералары көрінетін және инфрақызыл сәулені түсіре алады. Бұл технология ғалымдарға Психеяның құрамын зерттеп, планеталардың металл ядроларының қалыптасу процесі жөнінде маңызды деректер жинауға мүмкіндік береді.