Ғалымдар дәлелдеді: ешкі сүті қартаю белгілерін баяулатады
Сүт өнімдерін тұрақты тұтыну саркопения – яғни жас ұлғайған сайын бұлшықет массасы мен күшінің азаюы процесін баяулатуы мүмкін. Бұл туралы Food Science & Nutrition журналында жарияланған зерттеуде айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ғалымдар жүргізген тәжірибелерге сәйкес, сүт өнімдерінің төрт түрі бұлшықет тінінің көрсеткіштерін жақсартып, қабынуды азайтқан.
Зерттеушілер құрамында майы бар және майсыз ешкі сүтін, сондай-ақ D дәрумені мен кальцийге байытылған ешкі сүтін қарапайым сиыр сүтімен салыстырды. Саркопения жасанды түрде енгізілген тышқандарға бұл өнімдерді сегіз апта бойы берген. Барлық нұсқалар бұлшықет тінінің массасын арттырып, бұлшықеттің өсуі мен қалпына келуіне жауап беретін PI3K/Akt/mTOR жолын белсендірген. Ең жоғары нәтиже D дәрумені мен кальций қосылған ешкі сүтінде байқалған – ол бұлшықетті қалпына келтіруге қатысы бар гендердің белсенділігін күшейтті.
Сонымен қатар бұл өнімдер қабыну маркерлерінің деңгейін (CRP, IL‑1β, IL‑6, TNF‑α) төмендетіп, жасушалардың тазаруы мен жаңаруына әсер ететін аутофагия процесін қалыпқа келтірген. Микробиота талдауы ішекте пайдалы бактериялар – Leuconostoc және Lactococcus санының артқанын көрсетті.
Ғалымдар бұл нәтижелердің тышқандарға жүргізілген модельде алынғанын атап өтсе де, D дәрумені мен кальцийге бай сүт өнімдерін саркопенияның алдын алу мен оны баяулатуда әлеуетті құрал ретінде қарастыруға жаңа негіз береді дейді.