Ғалымдар дабыл қақты: Аптап ыстық күндер тағы екі айға көбеюі мүмкін

Халықаралық зерттеу нәтижелері бойынша 2100 жылға қарай Жер бетінде жыл сайынғы “аса ыстық” күндердің саны шамамен 57 күнге артуы мүмкін. Бұл қазіргі деңгейден екі айға жуық көп қауіпті ыстық кезең дегенді білдіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

AP News агенттігінің хабарлауынша, зерттеуді World Weather Attribution және Climate Central ұйымдарының климат ғалымдары бірлесіп жүргізген. Олар жаһандық жылынудың қарқынын компьютерлік модельдер арқылы есептеп, соңғы онжылдықтағы климаттық саясаттың әсерін талдаған.

Ғалымдардың мәліметінше, егер 2015 жылғы Париж климат келісімі қабылданбағанда және парниктік газдар шығарындыларына бақылау қойылмағанда, әлем жыл сайын 114 аса ыстық күнге тап болар еді. Алайда қазіргі шаралардың арқасында бұл көрсеткіш 57 күнмен шектеліп отыр.

Зерттеу болжамына сәйкес, елдер өз міндеттемелерін толық орындаған жағдайда, ғасыр соңына дейін Жердің орташа температурасы индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 2,6°C-қа көтеріледі. Париж келісіміне дейін бұл көрсеткіш 4°C деңгейінде болар еді.

Зерттеу климаттың өзгеруі барлық мемлекетке бірдей әсер етпейтінін де көрсетті. Ең көп “аса ыстық” күндер Соломон аралдары, Самоа, Панама және Индонезия сияқты мұхитқа тәуелді шағын мемлекеттерде тіркелмек. Мәселен, Панамада жыл сайын қосымша 149 аса ыстық күн болуы мүмкін.

Ал көмірқышқыл газының негізгі бөлігін шығаратын АҚШ, Қытай және Үндістанда мұндай күндер саны бар болғаны 23-30 күнге артады.

Зерттеу нәтижелері ғаламдық климат теңсіздігінің артып отырғанын көрсетеді. Дамушы және теңізге тәуелді елдер климаттық өзгерістердің ең ауыр зардаптарына ұшырауы ықтимал. Ғалымдар барлық елдерді шығарындыларды азайтуға, бейімделу шараларын күшейтуге және жасыл технологияларды дамытуға шақырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы