Ғалымдар COVID-19-ға қарсы вакцина жүктілік ағымына қалай әсер ететінін анықтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жүктілік кезінде коронавирусқа қарсы вакцина салдыру босанудан кейінгі жағдайға әсер етпейді.
Лондондағы Қасиетті Георгий университеті клиникасында босанған әйелдерді бақылаған бір топ ғалым осындай қорытындыға келген, деді ресейлік акушер-гинеколог Елена Березовская.
Зерттеу нәтижесі тамыз айының басында American Journal of Obstetrics and Gynecology басылымында жарияланған. 27 қыркүйекте акушер-гинеколог Елена Березовская Facebook-те осы жарияланымға назар аударған.
Зерттеу жұмысына 1328 жүкті әйел қатысқан. Соның ішінде 141 әйел босанғанына дейін КВИ-ге қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алған. Вакцинацияланған әйелдердің 128-і мРНҚ-вакцина салдырған, ал 13-і вирустық вектор базасындағы вакцинаны салдырған. Зерттеу жұмыстары 2021 жылдың 1 наурызы мен 4 шілдесі аралығында жүргізілген.
Дәрігерлер вакцина салдырған және вакцинацияланбаған жүкті әйелдердің босанғаннан кейінгі жағдайын зерделеді. Белгілі болғандай, екі топта да босану көрсеткіштері ұқсас болған.
Өлі туылу көрсеткіші, даму ақаулары, нәрестелер арасындағы өлім-жітім, бала дамуының тежелуі, салмағы аз балалардың дүниеге келу тәрізді көрсеткіштер екі топта да бірдей болды. Басқаша сөзбен айтқанда, коронавирусқа қарсы вакцина жүктілік ағымына әсер етпейді. Жүкті әйелдерге коронавирусқа қарсы вакцина салуға кеңес беріледі. Әсіресе қауіп-қатер тобындағы әйелдерге, - деп атап өтті Березовская.Айта кетейік, әлемнің бірқатар елінде жүкті әйелдерге, тіпті балаларға да вакцина салынып жатыр. Ал Қазақстанда әзірге жүкті әйелдер мен балаларға вакцина салу мәселесі әлі қарастырылуда.