Ғалымдар АҚШ-тағы рекордтық найзағайды тіркеді

АҚШ-тағы күшті дауыл кезінде ұзындығы 829 шақырым болатын алып найзағай тіркеліп, әлемдік рекорд орнатты, деп хабарлайды BAQ.KZ Daily Mail басылымына сілтеме жасап.

Ғалымдардың айтуынша, найзағай Шығыс Техастан Канзас-Ситиге дейін созылып, шамамен Париж бен Венецияның арасындағы қашықтыққа тең. Бұл табиғи құбылыс 2017 жылдың қазан айында болған.

Бұған дейінгі рекорд 2020 жылы орнатылған еді: сол кезде найзағай 768 км-ге жеткен болатын. Жаңа рекорд алдыңғысынан 61 шақырымға ұзын.

Мамандар мұндай ауқымды найзағайлардың сирек кездесетінін атап өтті. Көп жағдайда найзағайдың ұзындығы небәрі 16 шақырымды құрайды. 96 шақырымнан асатындары "мега-жарқыл" деп аталады.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) бұл деректер найзағайдың дауылдан қаншалықты алысқа таралатынын түсінуге мүмкіндік береді деп санайды.

Найзағай – ғажайып құбылыс қана емес, сонымен қатар қауіп көзі. Олар авиацияға қатты әсер етіп, орман өрттерін тудыруы мүмкін, – дейді ДМҰ Бас хатшысы Селесте Сауло.

Ғалымдар бұл жаңалық ауа райын болжау мен қауіпсіздік саласына тың серпін береді деп үміттенеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы