Ғалымдар алғаш рет адам терісінің ДНҚ-сынан эмбрион жасады

Америкалық зерттеушілер алғаш рет адам тері жасушаларынан алынған ДНҚ-ны пайдаланып эмбриондар жасады. Орегон денсаулық және ғылым университетінің ғалымдары тері жасушасының ядросын генетикалық ақпараты жойылған донорлық жұмыртқаға енгізіп, кейін оны сперматозоидпен ұрықтандырды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Nature Communications журналында жарияланған деректерге сәйкес, 82 функционалды жұмыртқа алынып, олардың кейбірі эмбрионның алғашқы даму кезеңіне дейін жетті. Дегенмен, олар алты күннен артық дамымаған.

Жоба жетекшісі, профессор Шухрат Миталипов бұл жетістікті «мүмкін емес нәрсеге қол жеткіздік» деп бағалап, әдісті жетілдіру қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, болашақта технология бедеуліктен зардап шегетіндерге, егде жастағы әйелдерге, сондай-ақ қатерлі ісік салдарынан ұрпақ сүру қабілетін жоғалтқандарға үміт сыйлай алады.

Сонымен қатар, бұл тәсіл бір жынысты жұптарға да генетикалық тұрғыдан өз балаларына ие болуға мүмкіндік береді. Алайда, әдістің тиімділігі әзірге төмен (шамамен 9%) және қауіпсіздік мәселелері әлі толық шешілмеген.

Сарапшылар бұл жаңалықты үлкен ғылыми серпіліс деп атады, бірақ қоғамда ашық талқылау мен қатаң бақылау қажеттігін ескертті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: pexels
Өзгелердің жаңалығы