Бүгiн 2026, 15:27 Фото: gov.kz

Ғалымдар AI-ойыншықтардың балаларға тигізер қаупін ескертті

Жасанды интеллектісі бар ойыншықтар балалардың эмоциясын түсінбеуі мүмкін.

Балалармен сөйлесе алатын жасанды интеллектісі бар ойыншықтар эмоцияларды дұрыс қабылдамай, орынсыз жауап беруі мүмкін. Кембридж университетінің зерттеушілері 3 пен 5 жас аралығындағы балалармен жүргізілген тәжірибеден кейін осындай тұжырымға келді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі themorning.lk-ке сілтеме жасап.

Зерттеу барысында ғалымдар балалардың жасанды интеллектімен жабдықталған жұмсақ ойыншықпен қалай сөйлесетінін бақылаған. Кейде ойыншық оғаш әрекет етіп немесе баланың өз сезімдері туралы айтқанын түсінбеген.

Мысалы, бір бала ойыншыққа көңіл-күйі жоқ екенін айтқанда, ол қолдау көрсетудің орнына «өзін тамаша сезінетінін» айтып, әңгімені жалғастыруды ұсынған.

Психологтардың пікірінше, мұндай жағдайда бала эмоционалды қолдау ала алмай қалуы мүмкін, әсіресе қасында ересек адам болмаса, бұл қауіпті.

Қиялдың дамуына кедергі

Тағы бір мәселе - ойыншықтар баланың дамуы үшін өте маңызды «рөлдік ойындарды» немесе «өтірік істеуді» нашар түсінеді.

Мәселен, бала ойыншыққа оған «сыйлық дайындағанын» айтқанда, құрылғы оның көзі жоқ болғандықтан, сыйлықты көре алмайтынын айтып жауап берген. Зерттеушілер мұндай жауаптар баланың қиялын дамытуға кедергі келтіруі мүмкін деп есептейді.

Ғалымдар не ұсынады?

Ғалымдардың айтуынша, AI-ойыншықтар нарығы қарқынды өсіп жатыр, бірақ оларды пайдалану ережелері әлі де анық емес. Сондықтан олар мұндай ойыншықтарға бақылауды күшейтіп, арнайы қауіпсіздік стандарттарын енгізуді ұсынады.

Зерттеушілердің пікірінше, бұл балаларды қорғауға және ата-аналардың жаңа технологияларға деген сенімін арттыруға көмектеседі.

Әзірлеушілердің пікірі

Ойыншықтардың бірін шығарған әзірлеуші компания балалардың қауіпсіздігі басты басымдық екенін мәлімдеді.

Олардың айтуынша, жасанды интеллект технологиялары үнемі жетілдіріліп жатыр, ал мұндай зерттеулер өнімді жақсартуға септігін тигізеді.