Ғалымдар 15 секундта қанды тоқтататын әдісті ойлап тапты
Ресейлік ғалымдар қанды 10-15 секундта тоқтататын әдісті ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ТАСС мәліметінше, аталмыш әдісті Мәскеу және Рязань мемлекеттік медициналық университетінің ғалымдары ойлап тапты.
Ғалымдар суды байланыстыруға қауқарлы гиалурон қышқылының модификациясын пайдаланған. Белсенді түрінде ол қан плазмасындағы суды сіңіріп алып, қанды ұйыту реакциясын іске қосады. Соның арқасында аз уақыт ішінде қан тоқтайды.
Қазір қолданыстағы құралдар қанды тек 2,5 минутта ғана тоқтата алады. Жаңа әдіс алғашқы сынақтан сәтті өткізілді. Енді ресми деңгейдегі тестілеуден өткізіледі.
Бұл ретте осы әдістің антисептикалық әсері туралы айта кеткен жөн. Оны клиникаларда да, түрлі жарақаттар кезінде, жол апатынан болған жарақаттар кезінде қолдануға болады.
Сондай-ақ оны шұғыл жағдайларда да қолдануға болады. Себебі ол қарапайым сөзбен айтқанда жарақатқа" жабысып қалады".