Ğaj[aiyp]: Елордада TEDxAstana конференциясы өтеді
21-22 қыркүйекте Астанада сегізінші TEDxAstana конференциясы өтеді. Биыл іс-шара алғаш рет екі күндік форматта ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2024 жылғы тақырып — Ğaj[aiyp]: «Ғажап» деген мағынаны беретін бұл сөзде «айып» деген сөз де бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, айып — адамның ерікті түрде арқалаған жүгі, мүлтіксіз емесін еске салып тұратын міні.
Сондықтан ұйымдастырушылар биылғы TEDxAstana конференциясына арқау етіп осалдық тақырыбын таңдаған.
2024 жылы біз осал тұсы көп әлемде өз осалдығын қабылдауға талпынатын адамдар туралы сөз қозғасақ дейміз. Кейінгі 5 жыл әрқайсымыздың жанды жерімізді ашты, тіпті ел болып, әлем болып көп нәрсенің алдында қауқарсыз екенімізді көрсетті. Кейбір осал тұсымызды әлі де «түзетуге» үміттіміз. Сол арқылы біз өмір сүруге, армандауға және айналаны тануға шабыт беретін әлем құрғымыз келеді. Өзіңнің осал тұсыңды, әлсіздігіңді қабылдау өте қиын. Бірақ кемелдік тек солай келеді. Біз нағыз “ғажайып” қай-қайсымыздың болсын өн бойымыздан табылатын мін мен кемшіліктен, ерекшеліктен тұрады деп сенеміз. TEDxAstana командасының фокусында әдеттегідей сан түрлі сала мен тақырып. Сонымен қатар сұрақ та бар: Біздің осал тұстарымыз қайсы және олармен әрмен қарай қалай күн кешеміз? — дейді TEDxAstana ұйымдастырушылары.
TEDx – жаһандық TED қорының бүкіл әлемге таратуға тұрарлық идеяларды іздеуге бағытталған жобасы. Арнайы TED лицензиясын қажет ететін конференциялар әлемдегі үш мыңнан астам қала мен университетте өтеді. Елордада TEDxAstana конференциясы энтузиаст-еріктілердің бастамасымен сегізінші рет ұйымдастырылғалы отыр.