Гаитиде зілзала құрбандарының саны 1400-ден асты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Гаитиде жойқын зілзаладан қаза тапқандардың саны 1419-ға жетті. Тағы шамамен 7 мың адам зардап шеккен, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жер сілкінісінен 7 мың баспана жермен жексен болды, тағы 5 мыңға жуығы жартылай бұзылған. Жергілікті билік 3 күн жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Сонымен қатар аймақта бір айға төтенше жағдай режимі енгізілді. Қазір апат аймағында құтқару-іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Мамандар Гаитиге «Грейс» тропикалық дауыл жақындап қалғанын айтады. Оған дейін құтқарушылар үйінділер астынан барлық адамдарды шығаруға асық. Аймақтағы ауруханаларда бос орын жоқ, дәрігерлер дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтардың тапшылығын айтады.
Осыған орай әлем елдері табиғат апатынан зардап шеккен өңірге гуманитарлық көмек жеткізіп жатыр. Қайырымды іске қосылған елдердің тізімінде АҚШ, Чили, Колумбия, Мексика мен Доминикан Республикасы бар. Тағы бірқатар ел көмек қолын созуға ниет білдіріп отыр.