Ғабидолла Әбдірахманов жетістікке жету әдісімен бөлісті
Шымкент, BAQ.KZ. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастамасымен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов мемлекеттік қызметшілерге лекция оқыды.
Әкім басшы лауазымға алғаш тағайындалған 45 мемлекеттік қызметшіге "Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі көшбасшылық құндылықтар" тақырыбында дәріс берді.
«Мен профессор немесе ғалым емеспін. Бірақ жылдар бойы ұстаздарым, басшыларымнан алған өмірлік сабағым, мемлекеттік қызметте жинаған тәжірибелеріммен бөліскім келеді» - деп бастаған Ғабидолла Рахматоллаұлы жетістікке жету әдістерімен бөлісті.
Өз лекциясында қала басшысы көшбасшыға тән 10 қасиетті атап өтті. Сонымен қатар, адал да әділ және кәсіби деңгейді үнемі жетілдіріп отыру үшін үздіксіз білім алу қажеттігіне тоқталды.
«Үш жылда Шымкент қаласы мүлде өзгереді. Стадион, теміржол вокзалы, жаңа шағынаудандар, қаржы орталығы салынып, Қошқар ата өзені жаңа кейіпке енеді. Сол кезде Шымшаһардан ешкім кеткісі келмейді. Адал қызмет ете отырып, қаланы дамуына бірлесе атсалысайық! – деді лектор.
Айта кетейік, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрылғанына 25 жыл толуына орай, «25 қонақ дәріс» жобасы аясында еліміз бойынша ең алғашқы лекцияны Шымкент қаласының әкімі оқыды.