G7 саммитінде көші-қон мәселесі негізгі дауға айналуы мүмкін
Трамп Еуропадағы көші-қон саясатына қатысты өз ұстанымын саммит барысында ашық білдіруге ниетті.
АҚШ президенті Дональд Трамп алдағы G7 саммитінде Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мен Еуропа елдерінің көшбасшыларын заңсыз көші-қон деңгейінің жоғары болуына байланысты сынға алуы мүмкін. Бұл туралы The Sunday Telegraph басылымы Ақ үйдегі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Дереккөздердің мәліметінше, Трамп Еуропадағы көші-қон саясатына қатысты өз ұстанымын саммит барысында ашық білдіруге ниетті. Сондай-ақ ол Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында болған резонанстық қылмысты мысал ретінде келтіруі мүмкін.
8 маусымда Суданнан келген азамат Франция мен Ирландия арқылы Солтүстік Ирландияға өтіп, жергілікті тұрғынға пышақпен шабуыл жасаған. Оқиға кезінде куәгерлер араласып, қылмыстың ауыр салдарының алдын алғанымен, жәбірленуші ауыр жарақат алып, комаға түскен. Шабуыл жасаған күдікті ұсталып, оған кісі өлтіруге оқталу бабы бойынша айып тағылған.
Басылымға пікір білдірген АҚШ әкімшілігіндегі жоғары лауазымды шенеунік Еуропа «АҚШ үшін заңсыз көші-қон транзиттік аймағына айналуы мүмкін» екенін атап өткен. Оның айтуынша, одақтас елдердегі демографиялық және мәдени өзгерістер бүкіл Батыс альянсының тұрақтылығына әсер етуі ықтимал.
Сондай-ақ шенеунік «Бес көз» (Five Eyes) барлау альянсы аясындағы қауіпсіздік мәселелеріне де тоқталған. Оның пікірінше, көші-қон саясаты дұрыс реттелмесе, бұл одақтастар арасындағы қауіпсіздік ынтымақтастығына да ықпал етуі мүмкін.
G7 саммиті 15-17 маусым аралығында Францияның Эвиан қаласында өтеді. Бұған дейін Politico басылымы Франция президенті Эммануэль Макрон Трамптың саммиттен ерте кетіп қалмауы үшін арнайы дипломатиялық және протоколдық шаралар қарастырып жатқанын хабарлаған.