G20 COVID-19-ды дереу бақылауға алмақ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Жиырмалық» тобы жаңа типтегі коронавирустық пандемиядан мейлінше көп зардап шеккен елдерге көмектесуге уәде берді.
«Жиырмалық» елдері жаңа типтегі коронавирустың таралуын жедел бақылау қажет деп мәлімдеді, өйткені әлемдік экономиканың қалпына келуі осыған тікелей байланысты. Бұл туралы G20 саммитінің қорытынды мәлімдемесінде айтылды, деп хабарлады Reuters.
Біз қажет болған жағдайда адамдардың өмірін, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтау, әлемдік экономиканы қалпына келтіруді қолдау, сондай-ақ экономикалық белсенділіктің төмендеу тәуекелдерінің алдын алу кезінде қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттыру үшін қолда бар барлық қаражатты пайдалануды жалғастыруға бел будық, - делінген коммюникеде.
Сонымен қатар, саммитке қатысушылар жаңа коронавирустық пандемиядан мейлінше көп зардап шеккен елдерге көмектесуге уәде берді.
Біз адам өмірін сақтауға және көмек көрсетуге күш саламыз. Іс-қимылды жаһандық деңгейде үйлестіріп, ынтымақты әрекет ету қажет. Біз әлемді пандемиядан кейін қалпына келтіруге тырысамыз, - делінген құжатта.
Естеріңізге сала кетейік, G20 саммиті 21-22 қараша аралығында Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл-Саудтың төрағалығымен бейнеконференция форматында өтті. Кездесуге қатысушылар бірінші кезекте COVID-19 пандемиясымен күрес жөніндегі шараларды, сондай-ақ жаһандық экономиканы қалпына келтіру процесін талқылады.